Жарияланды: 06.05.2020

М.Әйтенов білім ошақтарының жөндеу жұмыстарымен танысты

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы алдымен №49 «Жасұлан» балабақшасына барды. Іргетасы сонау 1982 жылы қаланған нысанға күні бүгінге дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Биыл ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін қазынадан 300 миллионға жуық қаржы бөлінген. Бүгінде «АҚ ордасы» компаниясы бөбекжайда құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мердігер 280 орындық нысанды жоспар бойынша тамыз айында тапсыруы тиіс .

«Балабақшада ағаш есік болған. Ағаш есікті алғаннан кейін қайта қоюға жарамай қалады. Сондықтан, жобалық сметада қаралмаса да мен сол есіктерді жаңартып беремін. Сметалық құжатта еденнің 50 пайызына жылыту жүйесін орнату қаралған. Бірақ біз 100 пайыз жылу жүйесін тартамыз»-деді «АҚ ордасы» ЖШС-нің басшысы Садулла Қалыбеков.
Мұнан кейін қала әкімі Максим Горький атындағы №12 жалпы орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. 915 орындық білім ошағының қабырғасы 1984 жылы қаланған. Көлемі 2624 шаршы метрден асатын 3 қабатты мектепте «Лидер НК» мекемесі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба құны 252 миллион теңгені құрайды. Сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары жоспар бойынша тамызда бітуі керек.

Мұрат Әйтенов бұдан соң Майлы қожа көшесінің бойына орналасқан 280 орындық «Алтын дән» балабақшасында болды. Бүгінде бөбекжайды «KazIntelGroup» құрылыс компаниясы күрделі жөндеуден өткізуде. Айта кету қажет, ғимаратты жөндеу жұмыстары тамыз айына жоспарланған.

«Биыл қалада 6 балабақша мен 7 мектептің күрделі жұмыстарын жүргізу үшін қаржы қаралған. Сонымен қатар, бір мектептен тыс мекемемен бір колледж ғимараты да биыл жөнделеді. Бұдан бөлек 17 спорт алаңы ағымдағы жөндеуден өтеді. Тағы 24 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Оның жетеуін келесі жылы жөндеу үшін жобалық сметалық құжаттарын жасайтын боламыз»- дейді қала әкімі.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

845 қаралым