Жол құрылысына отандық өнімдер пайдаланылады

Түркістан облысындағы жол құрылысына тек отандық өнімдер ғана пайдаланылады. Бүгінде облысаралық, ауданаралық жолдарды салып, тіпті халықаралық маңызы бар ірі жобаларға да өз үлесін қосып жүрген «Береке корпорациясы» ЖШС-і облысымыздағы іргелі кәсіпорындардың бірі. Жыл сайын 500 шақырымнан астам жол құрылысын жүргізетін кәсіпорынның жұмысы әрдайым басбармақпен бағаланып келеді. Серіктестік меншігінде жол құрылысына қажетті 300-ден астам техника, 3 асфальт-бетон зауыты бар. Кәсіпорын толықтай германиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. 400-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Шикізат теңіз асып, тау асып шетелден тасымалданбайды. Өзімізде өндіріледі. Сапасы да жоғары. Импорт өнімнен бірде-бір кемдігі жоқ. Сағатына 300 тонна асфаль-бетон өндіретін американдық «ASTEC” зауытының елімізде бірде бір баламасы жоқ. Бір ғана әрі бірегей зауыт. Өңіріміздегі индустриалды инновациялық даму бағдарламасының шарапаты тиген кәсіпорынның бірі. Беріктігі, төзімділігі жоғары болғандықтан өнімдеріне сұраныс та артып келеді. Бір ғана өнім түрін шығарумен шектеліп қалмай, бүгінде өндіріс көлемін ұлғайтуды қолға алған кәсіпорын базасында темір-бетон өнімдерінің цехы да жұмысын жандандырып келеді. Мұнда 50-ге жуық темір-бетон түрлері өндіріледі. Оның ішінде тіректер, іргетас блоктары, жиектастар, темір-бетон қадасы, науалар, жоғары вольтті желілер үшін іргетастар, өтпелі тақта өнімдері шығарылады. Мұнда өндірілген құрылыс материалдарының барлығы да сапа стандартына сай. Әрі жоғары сұранысқа ие. 2009 жылдан бастап көпір құрылысы үшін пайдаланылатын темір-бетон балкалары мен көпір тақталарын шығару қолға алынған. «Корпорация «Береке А» ЖШС-де жол және көпір құрылысына қажетті өнімдердің барлығы да шығарылады.

71 қаралым

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*