Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың үздік түлектерін онлайн құттықтады.
77 жылдық тарихы бар оқу орны биыл Қазақстандағы ЖОО рейтингісі бойынша үшінші орынды иеленсе, әлемдік рейтингте ТОП 500-ге еніп отыр. Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі бағытындағы білім беру сапасын арттыру бағытында жұмыс істеп жатқан оқу ордасының жеткен жетістігі көп.
2019-2020 оқу жылында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін 5248 маман түлеп ұшқалы отырса, оның 362-сі үздік дипломға бітіріп отыр.
«Құрметті түлектер! Сіздерді мамандық иесі атануларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Үздік диплом алуларыңызды еліміздің дамуына қосқан үлестеріңіз деп санаймын. Өмірге алған жолдамаларыңыз тек сәттілік әкеліп, жемісін берсін!» — деп қала басшысы ізгі тілегін білдірді.
Қазіргі таңда оқу ордасында 1577 профессор-оқытушы білім береді. Оның ішінде 22 академик, 500-ге жуық ғылым кандидаты, 102 ғылым докторы бар.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі