Түркістан қаласындағы «Түркістан» индустриалды аймағы қанатын кеңге жайып келеді. Жуырда «Оңтүстік» Индустриалды аймақ басқарушы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдерінің қатысуымен «Түркістан» индустриалды аймағының жобаларын іске асыру жөнінде өзекті мәселелерін қарау мақсатында кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Аталған мәжіліс отырысында «Түркістан» индустриалды аймағындағы инфрақұрылым жағдайы, атап айтқанда аймақты қосымша газбен қамтамасыз ету мен темір жолдың құрылыс жұмыстарын жүргізу, кәсіпкерлер санының өсуіне орай индустриалды аймаққа қосымша трансформаторлар құру бойынша мәселелер талқыланды. Еске салайық, 2013 жылы Түркістан қаласында жалпы алаңы 40 гектар болатын индустриалды аймақ құрылды. Құны 3 364,5 млн. тг. тең 581 жұмыс орнын құрайтын 14 жобаның іске асырылуы жоспарлануда. Олардың барлығы да нарыққа аса қажетті өнім шығаратын, келешегі зор жобалар. Ал бүгінгі таңда «Түркістан» индустриалды аймағында 6 жоба жүзеге асырылып, 238 жұмыс орындары құрылды. Индустриалды аймақтағы кәсіпорындардың өндіріп отырған өнімдері өтімді. Түсіріп отырған пайдасы да орасан. Түркістан облысындағы индустриалды аймақтардың алдыңғы легінде тұрған аумақ болашағынан мол үміт күттіреді.
Жарияланды: 11.07.2018