Жарияланды: 08.07.2020

Әлеуметтік қызмет тағайындалған

Мемлекетіміздің әрбір азаматы — ұлттық құндылық, әрбір жас өрен — еліміздің ертеңі екенін ескерсек, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасау, даму мүмкіндігін және оның қоғамға әлеуметтенуіне толыққанды жағдай туғызу, инклюзивті қоғам құру біздің міндетіміз.

Шымкент қаласындағы №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында балалардың құқықтары мен мүдделерін сақтау саласындағы ұлттық саясаттың негізгі бағыттарының бірі — мүгедек балаларды әлеуметтік оңалту, ойлау және физикалық дамуының кемшіліктерін рабилитациялау, бейімдеу, түзету болып табылады.
Орталыққа психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балалар, сондай-ақ жүйке ауруларымен ауыратын, денсаулығының жай-күйі бойынша бөгде адамның күтіміне, тұрмыстық қызмет көрсетуге және медициналық көмекке мұктаж 3-18 жас аралығындағы балалар қабылданады.
Балаларға жеке қажеттіліктеріне қарай, әлеуметтік-тұрмыстық қызмет түрі бойынша медициналык, әлеуметтік жағдай жасалады. Атап айтсақ, мекеменің қызмет көрсетуге арналған әрбір бөлмесі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мысалы, мұнда сынып бөлмелері, жатын, ойын бөлмелері, ем-шара бөлмелері, қолөнер және еңбек дағдыларын қалыптастыруға арналған шеберханалар, спорт залы, асхана, жуынатын бөлмелер, монша және т.б. бар. Әрбір тәрбиеленуші нормаға сәйкес, тамақпен, қажетті киім, аяқ киім, төсек, ыңғайлы жиһаз түрлерімен, керек- жарақтармен қамтылған.
Баланың жеке жай-күйін ескере отырып, оларға көрсетілетін әлеуметтік-медициналық қызмет, тәрбиеленушілердің денсаулық жағдайы күнделікті бақыланады. Медициналық-әлеуметтік тексеруді ұйымдастыру, дәрігерлердің тағайындауына сәйкес дәрі-дәрмек беру, дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру, әлеуметтік медициналық мәселелер жөнінде кеңес беру, емдік- физиологиялық жаттығуларды орындау жүзеге асырылады.
Балалардың физиологиялық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеті ескеріле отырып, ерекше балаларға оқу процесі білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен арнайы оқу бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі.

 

К.АУАНАСОВА,
№6 балалар арнаулы
әлеуметтік қызметтер
көрсету орталығының
басшысы

Шымкент келбеті

720 қаралым