Жарияланды: 08.07.2020

Қолжетімділікті қамтамасыз ету қарастырылған

Қазіргі таңда Үкімет тарапынан 2019-2025 жылға арналған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту бағытына арналған іс-шаралар жоспары әзірленген. Бұл жоспарда арнайы қажеттіліктері бар адамдар үшін тұрғылықты жерінен бастап, қызмет көрсету орнына дейін инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету қарастырылған.

Осы орайда, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өздерін қоғамға қажетті екенін сездіріп, инклюзивті қоғам құрып, етене араласуға қол жеткізуіне біздің тарапымыздан қолдау көрсету қажет.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне жүктелген міндеттердің бірі — Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» заңнамасында көзделген мүмкіндігі шектеулі азаматтарының әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне кіріп-шығуын қамтамасыз ету бойынша тексеру және бақылау жүргізу болып табылады.
Зерделеу барысында анықталғаны, жүргізілген бейімдеу жұмыстары мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустарды орнатуымен шектелгенін көрсетті. Ағымдағы жылдың II жартыжылдығында мүгедектерді әлеуметтік қорғау аясында 13 субъектіге (объектіге) профилактикалық бақылау жүргізілу жұмыстары жоспарлануда.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңымен қорғалған және осы Заңның шеңберінде мүгедектердің әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне, ғимараттар мен үй-жайларға кіріп-шығуына қамтамасыз ету айқын көрсетілген. Ғимараттарды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін кіріп-шығуына бейімдеу жұмыстары «Ғимараттар мен ғимараттарды халықтың қимылы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің есебімен жобалау» ҚР ЕЖ 3.06-101-2012 Қазақстан Республикасының Ережелер жинағы мен Қазақстан Республикасының ҚР ҚН 3.02-03-2012 «Мемлекеттік әлеуметтік пәтер үйі» құрылыс нормасына сәйкес жүргізілуі тиіс.
Қазіргі таңда, қаламызда көптеген көпқабатты үйлер мен ғимараттар салынуда. Осы жаңадан бой көтерген қөпқабатты нысандарда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін кіріп-шығуына толық мүмкіндік жасау үшін мемлекеттік стандарттар талаптарының орындалуына көңіл бөлулеріңізді сұранар едік.Тағы бір ескерте кететін жайт, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді ортаны қалыптастырмау мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңнамасын бұзу болып табылады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау және оларға кедергісіз орта жасауда бірлесе жұмыс жасауға шақырамыз.

 

Меруерт БЕКМҰРАТОВА,
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы
бақылау бөлімінің
басшысы

Шымкент келбеті

660 қаралым