Жарияланды: 08.07.2020

Саулық үшін тер төгуде

Жаһанды жайлаған коронавирус дәрігер деген қауымның қоғамдағы қадірі мен адам өміріндегі маңызы қандай екенін  дәріптеусіз-ақ дәлелдеп берді. Ал халаттылар қатерлі індетке қарсы бастарын бәйгеге тігіп қызмет етуде десек әсіре әспеттегеніміз емес. Олар күндіз-түні тұмшаланған киіммен, бетін масканың резеңкесі қажағанына да, шаршап-шалдыққанына да қарамай тәулік бойы ауруханалар мен стационарларда аурулармен арпалысты. «COVID-19» инфекциясы тараған сәттен бастап «жедел жәрдем» қызметінің жұмысы қауырт күйге ауысты. Күн сайын станса бекеттеріне 2500-ден астам қоңырау түсті. Ал тәулік бойы 1500-ден астам адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кесел тарағаннан бастап денсаулығына шағымданатындар саны күрт көбейді.

«Адамдар көп жағдайда басы ауырып, дене қызуы көтерілсе, ауру жұқтырып алдым деп үрейленеді. Хабарласқандардың тең жартысы коронавирусқа қатысты сауал қойып, кеңес сұрайды. Қорыққандарынан қан қысымы артып кеткендер де болды. Қазір тыныс жолы ауруларының өршігені байқалады. Қаламызда індет белгілері жоқ 70 тасымалдаушы тіркеліп отыр», – дейді стансаның медициналық санақ бөлімінің меңгерушісі Раушан Муталиева.
Шымкенттегі «Жедел жәрдем» бригадасының мамандары кеселмен бетпе-бет келсе де, алдыңғы шепте еңбек етуде. Медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында тер төгуде. Науқастарға қызмет жоспарланған алгоритмге сай жүргізілуде. «103»-тің қызметкерлеріне індет жұқтырған науқастың үйіне кіруге болмайды. Науқас жәдел жәрдем көлігінде қаралады. Бұл ең алдымен, сақтық шаралары және сол жерде тұратын азаматтар арасында дүрбелең туғызбас үшін қажет. Мұнан бөлек, шақырту кезінде бригадалар қорғаныш киімдерімен барады.

 

Шымкент келбеті

682 қаралым