Бүгінде Шымкент қаласында жол жөндеу жұмыстары қарқын алған. Карантин уақытында, көлік қозғалысы аз уақытта жұмыс жүргізу тиімді де болып отыр. Күз айларына дейін шымкенттіктер тақтайдай түзу жолдарда жүйіткитін болады.
«Шымкент қаласында осы жылы 45 мердігер мекеме 414 шақырым жолды қайта құру және күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді бастады. Құрылыс жұмысына 2300-ге жуық жұмысшы және 400 техника жұмылдырылған. Қаладағы ішкі орам көше құрылысының 80 пайызы тамыз айында аяқталса, негізгі орталық көшелердің құрылысы қазан және қараша айларында толығымен пайдалануға тапсыру жоспарланған. Сонымен қатар, қаладағы автомобиль жолдарын қайта құру және орта дәрежедегі жөндеу жұмысына бюджеттен 27 млрд. теңге қаржы бөлініп, бүгінге дейін 9 млрд теңге қаржы игерілген. Жыл соңына дейін барлық қаржыны игеріліп, жол құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз»,- дейді А.Тұрханов.