Жарияланды: 15.07.2018

Әрдайым сұраныс мол

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы мал бордақылаумен және ет өнімдерін өндіретін «Қарқын» — 2030» ЖШС-нің жұмысы қарқынды жүргізілуде. 2009 жылы құрылған серіктестіктің меншігінде 250 гектар жер бар. 800 бас мал бордақылауға шақталған нысанда бүгінде 400 бас ірі қара байлануда. Цехта тәулігіне 5 тонна 12 түрлі шұжық өндіріледі. Дайын өнім елімізден бөлек, Ресейге де жөнелтілген. Онда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 50 адам маусымдық жұмыспен айналысады. Өткен жылы серіктестік 2 млрд. 955 млн. теңгенің өнімін өндірген. Соның есебінен 167 млн. 218 мың теңге салық түскен. Биылғы жылдың бес айында өңір бойынша 90 мың тоннадан астам ет өндірілген болса, оның ішінде 8 мың тоннаға жуығы Қазығұрт ауданына тиесілі. Мал шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ алдағы уақытта мал басын көбейтуді көздеп отыр. Табиғи таза өнім өндіретіндіктен өнімдеріне әрдайым сұраныс мол. Ауданнан бөлек облыстың өзге аймақтарынан тапсырыс беретіндердің қатары артып отыр. Мал бордақылауға арналған жем-шөпті өз иеліктеріндегі егіс алқаптарынан дайындайды. Сол себептен де өндірілген өнімнің өзіндік құны арзанырақ түседі. Серіктестік алдағы уақытта мал басын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл дегеніңіз жергілікті тұрғындарға тұрақты жұмыс орны ашылады деген сөз. Осылайша шалғайдағы ауылдарда дамудың даңғыл жолына түскен серіктестіктер қазына қазанын қомақтыландырып отыр.

998 қаралым