Жарияланды: 15.07.2018

Тоқыма кластері даму үстінде

Түркістан облысында республика бойынша тұңғыш әрі жалғыз мақта-тоқыма кластері бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен.  Өндірістің түгел бір циклын, атап айтқанда мақта өсіру, иіру, тоқу, бояп-өңдеу және тігу сияқты бүкіл жұмысын қамтитын жалғыз тоқыма комбинаты – «AZALA Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тоқыма комбинаттары көп болғанымен, барлығы бірдей отандық мақтаны қолдана бермейді. «AZALA Textile» бұл жағынан да ерекшеленеді. Өйткені, қазақстандық мақта талшығын ғана пайдаланады. Шикізатты компанияның өз меншігіндегі «Мырзакент» мақта өңдеуші зауыты әзірлеп береді. Мұнда Швейцария, Бельгия, Италия және Германия сияқты еуропалық елдердің құрал-жабдықтары орнатылған. Мақтадан жіп иіріледі. Тоқыма цехында жіптен қатты сұр мата тоқылып шығады да, әрі қарай өңдеу және тігін фабрикаларына жіберіліп, сонда түкті бұйымдар жасау үшін боялады және тігіледі. Цехтан саудаға шықпас бұрын өнім тексеріске жіберіледі. Арнайы зертханада материал созылып, жыртылып, жуылады. Яғни, сапасы тексеріледі. «AZALA Textile» жылына 2,3 млн дана төсек-орын жабдығын және 10,4 млн дана түкті бұйымдар жасауға қауқарлы. Бұл бұйымдардың ішіне сүлгілер мен жамылғылар, халаттар, шалмалар, шотландық килттар кіреді. Одан өзге ақ және түрлі-түсті бөз, сиса, сәтен сияқты дайын маталар да шығарады. Компания өкілдерінің айтуынша, өндірілген өнімнің 80 %-ы – өз еліміздің тұтынушыларына, ал қалған 20 %-ы – экспортқа бағытталған. Негізінен Қытайға және ТМД, Германия, Австрия, Түркия, Литва секілді Еуропа мемлекеттеріне, одан әрісі Африкаға дейін экспортталып жатыр.

ernur.kz

1 211 қаралым