Шымкент қалалық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Ақмарал Мырзабекқызының айтуынша, білім беру ұйымдарына профилактикалық бақылау, жоспарлы және жоспарсыз тексеру Білім және ғылым, Ұлттық экономика министрлерінің 2015 жылғы желтоқсандағы №719 бұйрығымен бекітілген тексеру парақтарына сәйкес жүргізіледі. Жаңа заң қабылдануына байланысты «Білім беру жүйесіне тексеру жүргізу бойынша тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтарын бекіту туралы» Білім және ғылым, Ұлттық экономика министрлерінің бірлескен №719 бұйрығына бірқатар
өзгерістер енгізілген.
– Жаңадан енгізілген түзетулерге сәйкес педагогтердің құқықтарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілері жауапқа тартылады. Мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, олардан қызметтік міндеттеріне кірмейтін мәселелер бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактілері бойынша арыз түскен жағдайда, Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасында да жоспардан тыс тексеру тіркеледі. Аталған арызды негізге ала отырып жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Егер жағдай расталса, аталған нормаларды бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 409-бабына сәйкес лауазымды тұлғаларға, кәсіпкерлік субъектілерге бірінші ескерту жасалады. Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде олқылық қайталанса, 20-дан 120 АЕК мөлшеріне дейін айыппұл салынады, — дейді А.Жүнісова.
Департамент өкілі педагогтерге тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеу, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының мұғалімдерін өз кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тарту түрінде жасалған бұзушылықтар тексеріске негіз болатынын айтып өтті.
– Кез келген оқытушы егер заңда көрсетілген кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартылса, біздің департаментке арыз-шағым жолдауына болады. Біз «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаннан бастап ақпараттық-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Білім беру ұйымдарынан карантин кезінде бір арыз-шағым келіп түсті. Аталған жәйт бойынша мекеме басшысына ескерту бердік. Егер осындай жағдай тағы қайталанса, 20-дан 120 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұлға тартамыз, — дейді А.Жүнісова.
«Шымкент келбеті»