Жарияланды: 31.07.2020

Егістік аумағы ұлғайып келеді

Ауыл шаруашылығы саласында тұқым нашар болса, өнім де төмен болады. Өнімді көбейту мақсатында тұқым сапасын жақсарту жұмыстары қолға алынуда. 2018 жылға дейін еліміздегі 300-ге жуық тұқым шаруашылығы субсидия есебінен қаржыландырылып келді. Бұл жүйе қазір өзгерген. Енді әр тауар өндірушіге егістігінің 4 пайыз жеріне элиталы немесе III репродукцияға дейінгі тұқым егу үшін несие беріледі. Шарт бойынша диқан бір жылдан соң несиенің 30 пайызын қайтарып, бастапқыдағы 4 пайыз егістігін 25 пайызға ұлғайту керек. Сонда 3 жылда фермер III репродукцияға дейінгі тұқымды өзі өндіретін болады.
Сонымен бірге, егіншілікті, оның ішінде жыртылатын жер мен жайылымды цифрландыру іске асырылады. Бүгінгі таңда 54 субсидия түрі болса, соның барлығы да автоматтандырылады. Әр шаруашылыққа соған сай картограмма жасалынады. Онда қожалық туралы бүкіл ақпарат жинақталады. Бұрын шаруалар 64 түрлі субсидия алатын. Қазір оңтайландыру нәтижесінде оның саны 54-ке қысқарды. Алдағы уақытта субсидия алу тәртібін толықтай цифрлы жүйеге көшіру күтіліп отыр.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы министрлігі 100 шаруа қожалығын GPS жүйесі арқылы орталықтан басқаруды тәжірибе ретінде сынақтан өткізіп көруде. Осының негізінде келешекте елімізде 2 мың фермерлік қожалық цифрлы жүйеге көшіріледі, — дейді «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РМК мекемесінің басшысы Мейіржан Эсанбеков. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Qoldau.kz» порталы арқылы қажет тыңайтқыштарға, аммофос пенаммиак селитрасына электронды өтінімдер бере алады.
Өткен жылғы мәлімет бойынша қалада 18,5 га егістік жер, 118,9 га жайылым, 37,5 га көп жылдық екпелер цифрландырылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.
Шымкенттің егін шаруашылығында негізінен астық, жеміс, көкөніс, жүзім өсіруге басымдық берілген. Жылдан-жылға көкөніс, картоп, күнбағыс егілетін алқаптар мен үйіргелік егістік аумағы ұлғайып келеді.
Былтыр жаздық бидай 50 га, жоңышқа 50 га, азықтық жүгері 60 га, бұршақ дақылы 24 га кемісе, жаздық арпа 37 га, дәндік жүгері 125 га, картоп 264 га, көкөніс 258 га, бақша 898 га артқан.

 

 

Шымкент келбеті

 

807 қаралым