Жарияланды: 31.07.2020

Сапалы білімнің арқасында жетістікке жетті

Іргесі сонау 1971 жылы қаланған Шымкенттегі Жол-көлік колледжі қабырғасында білім нәрімен сусындап, белгілі бір мамандықтың тізгінін иеленген түлектеріміз аз емес. Олар — өмір көшінен қалыспай егемен еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып, білікті маман иесі болумен қатар колледжіміздің мақтан тұтар азаматтары. Сол бір кезеңнен бастау алып, бүгінгі күнге дейін жаңашыл ойлайтын, білімді, жігерлі, жалынды жастар қатары көбейіп келеді. Мұның барлығы да сапалы білімнің арқасы.
Бүгінгі таңда осындай білімі мен іскерлік қабілеттерінің арқасында өз мамандықтары бойынша кәсібін ашып, жұмысын жандандырып, ел экономикасының өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген жастардың бірі — Жол-көлік колледжінің түлектері: Маханбетов Султан Биболатұлы мен Елемес Шыңғыс Сейдалыұлын ерекше атап кетуге болады.
Маханбетов Султан Биболатұлы — 2011 жылы Шымкент қаласындағы Жол-көлік колледжін «Автоматика, телемеханика және теміржол көлігінде қозғалысты басқару» мамандығы бойынша бітірген. Бүгінгі таңда «КАЗ СТРОЙ ЛОГИСТИК» ЖШС директоры қызметін атқарады. Аталған мекеме теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және тасымалдау қызметтерімен айналысады және мекемеде 30-ға жуық қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Елемес Шыңғыс Сейдалыұлы — 2016 жылы Жол-көлік колледжіне «Жол-құрылыс машиналарын техникалық пайдалану» (түрлері бойынша) мамандығына түсіп, 2020 жылы аталмыш мамандық бойынша оқуын сәтті аяқтап, дипломдық жобасын қорғау үстінде. Шыңғыс Сейдоллаұлы бүгінгі таңда білім алумен қатар іскерлік қабілетін шыңдай жүріп, «IRAT TRANSIT» ЖШС директоры қызметін атқарып келеді. Аталған мекеме жүк көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және тасымалдау қызметтерімен айналысады және мекемеде логист, жүргізуші қызметтерінде бірнеше мамандар (әсіресе жас мамандарды қолдау мақсатында) жұмыспен қамтамасыз етілген. Ол өз мамандығының кәсіби шыңына жету мақсатында аянбай еңбек етуде.

1 018 қаралым