Жарияланды: 15.07.2018

Отандық өніммен мақтануға болады

Бүгінде Түркістан облысындағы ірі кәсіпорынның бірі «Ордабасы құс» серіктесттігін мақтаудың қажеті жоқ. Отандық өнімнің көшбасшысы деп мақтану керек. Расында күркетауық етінен нешетүрлі дәмі тіл үйіретін деликатестер өндіріп отырған өндіріс орны соңғы әлетте ұлттық асымыз қазыны да экспорттай бастады.  Кәсіпорын жылына 10 мың тонна өнім өндіріп, оның 40 пайызы Ресей мен Қырғызстан елдеріне экспортталса, қалғаны Қазақстан нарығына сатылымға шығарылып келеді. Өндіріс орнында балапан ашу, құстарға қажет жем өндіру мен құс бордақылайтын цехтар жұмыс істейді. Ал құс сою бөлімінде тәулігіне әрқайсысының салмағы орта есеппен 20 келі болатын 2400 күркетауық сойылып, 25-35 тонна ет өндіріледі. «Ордабасы құс» фабрикасы 420 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. “Ордабасы құс” ЖШС-інде бүгінгі таңда орнында күркетауық етінен өндірілген 70-ке жуық өнім түрі шығарылады. Нақтырақ айтқанда, күркетауықтың төсі, мойны, жүрегі, қанаты секілді еттің 35, ал шұжық өнімінің орама, қазы, жіңішке шұжық (сосиска), сүрленген шұжық сынды тағы 35 түрі өндіріледі. Фабрика басшылығы алдағы уақытта қазақтың ұлттық тағамдарымен байланыстырып, қарта, жал-жая, үлпіршек сынды деликатес түрлерін өндіріп, өнім санын жүзге жеткізуді жоспарлап отыр. Айтпақшы, мұнда жылқының ішегіне майы мен күркетауықтың сан еті салынған қазының нарыққа шыққанына бір жыл толыпты. Соған қарамастан нарықтағы сұраныс күн санап артып келеді. Өндіріс орнындағылар енді өнімін Еуропа елдеріне шығаруды көздеп отыр. Бүгінгі таңда бірқатар елдермен келіссөздер жүргізіп те жатыр екен. Ол кезде жылына мұнда 20 мың тонна ет өндірілетін болады.

 

1 083 қаралым