Шымкентте қараша айына дейін қоғамдық көліктерде төлем электронды жүйеде жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда құрылғыны орнату үшін көлік компанияларымен шарт жасалып, автобустарға кабельдер тартылуда. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.
Жеке көлік карталарын шығару үшін, қоғамдық көлікте тегін жүретін әлеуметтік санаттарға жататын азаматтар, жоғары оқу орындарында оқитын студенттер, мектеп және орта арнаулы оқу орындарындағы оқушылар туралы деректерді жинақталуда. Көлік картасының бағасы 500 теңге. «QazSmartTrans» ЖШС-гі тарапынан 14 мың көлік карта Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне, Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төс белгілерімен марапатталғандарына және І — топтағы көру қабілеті нашар зағип жандарға тегін таратылады. Басқа тұрғындар көлік карталары арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде қазіргі қолданатын тарифпен төлейді, ал қолма-қол ақшамен төлеу кезінде тариф жоғары болады.