Жарияланды: 11.08.2020

Шеткі аумақтар да дамудан шет қалмайды

Шымкент қаласы республикадағы үшінші мегаполис мәртебесін алғалы шаһар кәдімгідей өзгерді. Қаланың қазынасы молайып, соның есебінен жылдар бойы қордаланып келген көптеген әлеуметтік мәселелер шешімін таба бастады.

Қала аумағының және тұрғындар санының өсуі мегаполистің жаңа даму концепциясын әзірлеуге негіз қалады. Сәулеттік жоспарға сәйкес Шымкенттің шеткі аумақтары да орталықпен бірге гүлденіп, көркейеді.
Өз кезегінде қойылған биік мақсаттарды орындауға Шымкентке жаңадан қосылған аймақтардың тигізер пайдасы орасан болып тұр. Өйткені жаңа кәсіпорындарды іске қосу, ауыл шаруашылығы өнеркәсібін дамыту қосымша жер аумағын, еңбек күшін талап етеді. Ал бұл сұранысты қаланың құрамына өткен елдімекендер толықтай қанағаттандыра алады.
Түркістан облысына қарасты аудандардан қалаға өткен ауылдар мегаполистің даму концепциясына сәйкес оң өзгерістерге бағыт бұрып келеді. Бұрынғы кезде жолы нашар, газ, суы жоқ, сығырайған жарықпен отыратын ауылдар инфрақұрылымы түзеліп, дәл қаланың деңгейіндей дәрежеге жете бастады.

Мұны Мәртөбе ауылының тұрғыны, кәсіпкер Мұрат Гелашвили де растайды.
— Қазір өзімізді қаланың нағыз тұрғыны ретінде сезінеміз. Себебі, ауылішілік жолдар түгел асфальтталды, көшенің жиегіне суағарлар орнатылды. Шымкент пен Алматыны жалғайтын күрежолдың да құрылысы бітуге таяу. Ауылда жарықтан, судан ешқандай проблема жоқ. Қысқасы тұрмыс тауқыметінен арылып, жайлы өмірдің арқасында бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. Ең бастысы ауылда береке-бірлік бар. Қазақ пен түрік ұлтының өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп, бар қиындықты бірге жеңіп, қуанышты бірге бөлісіп келеді. Жұмыссыздықты азайту мақсатында қала әкімдігі тарапынан өнеркәсіптік жылыжайлар құрылысын дамытуға көп қолдау көрсетіліп жатыр. Жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер субсидия басқа да жеңілдіктер алып, мемлекет көмегінің арқасында көпшілігі аяққа тұрып кетті. Қазір ауыл жастары негізінен осындай жылыжайлар кешенінде жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Ал, ауылда соңғы жылдары жабық кешенде ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру кең өріс алған. Соның есебінен де мәртөбеліктерге жұмыс көп. Сондықтан көпшілігі ешқайда кетпей, өз ауылының гүлденуіне үлес қосып жатыр. Өз басым Мәртөбенің қала аумағына қосылғанына ерекше ризамын, – дейді М.Гелашвили.Қаладағы елдімекендер шеткі аумақта болса да шет қалып қойғанды білдірмейді. Мегаполис өзінің жер ресурстық, адами капитал, өндіріс, мәдениет тұрғысынан бәсекеге қабілетті болуы үшін шет аумақтарды дамытуға бірінші кезекте мүдделі. Сондықтан Шымшаһардың түгел атырабында басталған инженерлік және инфрақұрылымдық құрылыстар жаңа кезеңге бағыт бұрған алғашқы бастама.

Шымкент келбеті

 

610 қаралым