Жарияланды: 18.07.2018

Ордабасыда сазан балығы өсірілуде

Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданының шаруалары сазан балығын өсіре бастады. Ондағы Бөржар ауылдық округі, Жамбыл ауылында жеке кәсіпкер «Сайып ата» шаруа қожалығының төрағасы Амантай Мәулен 6 гектар жерге су айдынын жасап, 2 мың дана сазан балығын суға жіберген. Өз қаржысы арқылы кәсібін бастап отырған азамат болашақта бұл мекеннің үлкен демалыс аймағына айналатынын айтады. Шаруасы жайменен ілгері басып келе жатқан қожалықта бес адам жұмыспен қамтылған.   Мұнан бөлек, ауданда жеке кәсібін бастаған азаматтар баршылық. Мәселен, бүгінде Ордабасыда мал бордақылайтын 150 алаң жұмысын бастап, жанұялық 22 сүт фермасы іске қосылды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Б.Башенов 25 мың басқа арналған құс фермасын салып, жұмысын жүргізіп келеді. Осындай ілкімді істердің арқасында Ордабасы ауданында 2018 жылдың 5 айында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің (қызметінің) көлемі 9 млрд 154 млн. 500 мың теңгені құрап, 2017 жылмен (8 млрд 045 млн. 300 мың теңге) салыстырғанда 1 млрд 109 млн. 200 мың теңгеге артты. Ауыл шаруашылығы дақылдарының 55 300 га егістік жерлерді игеру жоспары 102 пайызға орындалып, 56 553 гектарды құрады. Суармалы жер жыл басынан бері 725 гектарға ұлғайтылды. 7,04 гектар жылыжай іске қосылып, 541,54 гектарға тамшылатып суғару әдісі енгізілді.     Қарқынды бау шаруашылығын дамыту үшін 60 гектарға жүзім, 40 гектарға жаңғақ егу жоспарланды. Бұл бағытта, бүгінгі таңда 34 га бау, 5 га жүзім көшеті отырғызылды. Сонымен қатар, Бөржар ауыл округінде «Александровский сад» ЖШС – 20 га жеміс пен жаңғақ көшеттерін, «Green town south» ЖШС – 10 га жеміс көшеттерін отырғызып, қарқынды шаруашылықтарын ұлғайтуды көздеуде. Жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасымен 333 ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасымен алынатын 1268 уақ мал, «Құлан» бағдарламасы бойынша 361 жылқы алынды. Терең қопсыту әдісін қолдану бағытында 9500 га жерді өңдеу жоспарланған. Бұл бағытта 11 соқа алынып, 9807 га жерге терең қопсыту әдісі ендірілді. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау бойынша жыл басынан бері 39 техника алынды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

1 040 қаралым