Жарияланды: 20.07.2018

Төле би ауданында астық ору науқаны басталды

Түркістан облысындағы төлебилік шаруалар төрт мың гектарға егілген жаздық бидайды оруды бастады. Жалпы ауданда 14 мың гектар жерге егілген күздік және жаздық бидайдан дихандар егістіктің әр гектарынан 20-25 центнерге дейін өнім алуды жоспарлап отыр. Ал 6 мыңнан астам гектар жерге егілген арпаның өнім түсімділігі 16 центнер болады деп күтілуде.

Агротехникалық талаптарды тиянақты атқарған ірі шаруашылықтардың бірі Кемеқалған  ауылдық округіндегі «Нұрдәулет» шаруа қожалылығы алғашқылардың бірі болып астық оруды бастап кетті.

Аталған қожалықтағы 900 гектар егінді алқапқа егілген арпа мен бидайды жинауға 10-ға жуық агротехника тартылса, онда 20 шақты жұмысшы дамылсыз еңбек етуде.

Шаруалар ауа-райы қолайсыз болғанымен қамбаға түсер өнім былтырғыдан кем болмайтынын айтуда. Себебі, агротехникалық шаралар дер кезінде жасалып,  мемлекет тарапынан берілетін арзан бағадағы жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар уақтылы берілген.

Жалпы ауданда егін оруға қажетті 75 комбайн, 153 тасымалдаушы техника, 103 трактор тіркелемелер мен 21 бірлік МТС агротехникалар сақадай сай- дейді аудан әкімдігі.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

924 қаралым