Жарияланды: 21.07.2018

Модульдік мал сою бекетін ашты

Ауылдағы ағайынның бизнес биігіне ұмтылуына мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты тиіп отыр. Түркістандағы «Ділмұрат» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2014 жылы мемлекеттен 17 млн. теңге қаржы алған. Бүгінде «модульдік мал сою бекетінің» ісін дөңгелетіп отыр.«Ділмұрат» шаруа қожалығының қарқыны жаман емес. Мемлекеттен субсидия алып, ісін жандандырып отыр, деп хабарлайды «Оңтүстік» телеарнасы.  Кәсіпкер ең алдымен, 120 сиыр мен 4 асыл тұқымды бұқа сатып алды. Оны Ақмола, Қостанай облыстарынан жеткізді. Бүгінде отбасымен жұмыла кірісіп,  ауылдағы 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Биыл 11 млн. 420 мың теңгеге мал сою бекетін жабдықтады. Қаржының тең жартысын мемлекет субсидиялады. Қожалық сойылған етті Кентау базарына өткізеді. Кәсіпкер болашақта  Кентау, Түркістан қалаларынан дүкен ашып, ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.  Жолдас Қайруллаев 3 жылдан бері осында нәпақасын тауып, отбасын асырап жүр. Ол 200-ге жуық малға қарайды.Кәсіпкердің бұдан бөлек,  малға азық болар 10 гектар жоңышқа, 10 гектар  бидай егілген алқабы  бар. Сонымен қатар, 2000 жылдан бері 3 гектар жерде 700 түп алма бауын баптайды. Піскен уақытында  арнайы кәсіпорындарға, базарға сатып, табыс тауып отыр.Еңбектің наны тәтті. Осы ұранмен, аянбай еңбек етіп жүрген шаруақожалықтың ел игілігі жолында алға қойған мақсаттары көп. Облыс орталығы атанған киелі жердің дамуы өздері сияқты кәсіпкерлерге тікелей байланысты екенін ерте бастан сезінуде.

М.ӘСЕМБЕК                                                                

 

 

 

1 257 қаралым