Жарияланды: 23.09.2020

ШЫМКЕНТ: БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІ ТОЛЫҚ ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛҒАН

Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тəжиева мəлімдеді.
– Қалада білім мекемелері толықтай интернет желісіне қосылған. Бүгінде «Қазақтелеком» АҚ-ы арқылы білім беру ұйымдарының интернет желісінің жылдамдығын 8 Мб/с — 12 Мб/с-қа дейін ұлғайту мақсатында қосымша келісімшарттар түзілуде. Ал қала шетіндегі интернет жылдамдығы төмен елдімекендер бойынша Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасы «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе отырып, 8 орынға байланыс станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде, – деді Ж.Тәжиева.
Спикердің сөзіне сүйенсек, қалада 17 701 отбасыға «Bilim al» интернет-тарифіне қосылған SIM карталар беріліп, 760 отбасыға кабельді интернет желісі тартылған. Мұның барлығы да білім сапасын арттыру үшін жасалып жатқан жұмыстар. 
 
Айта кетейік, қаладағы білім беру ұйымдары толық санитарлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.
Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы
649 қаралым