Жарияланды: 29.09.2020

ШЫМКЕНТ: ЕЛБАСЫ МЕДИЦИНА БҰЙЫМДАРЫН ШЫҒАРАТЫН ӨНДІРІС ОРНЫМЕН ТАНЫСТЫ

 
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласына жасаған сапары барысында медициналық жабдықтар, медициналық жиһаздар мен медициналық көліктер шығаруға мамандандырылған «КазМедПрибор» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президентінің ресми сайты хабарлады.
«Казмедприбор» ЖШС 2013 жылдан бері 15 мыңнан астам медициналық жабдық, 120 мыңнан астам медициналық жиһаз, 742 жедел жәрдем машинасын жасап шығарды. Компания 2005 жылы құрылған.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Елбасыға жеке инвестор есебінен 1000 орындық көпсалалы университеттік аурухана салу жоспары туралы хабарлады. Жаңа медициналық мекемеде ана мен бала орталығы, хирургиялық, терапевтік орталықтар, сондай-ақ ауысымына 700 келушіге арналған клиникалық-диагностикалық орталық жұмыс істейді деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов денсаулық сақтау жүйесі мен отандық өндірушілерді қолдау бойынша пандемия кезінде ҰӘҚ қабылдаған шаралар туралы хабарлады. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа елорда мен Алматыда медициналық орталықтар салу тапсырысының орындалу барысы туралы баяндалды.
Сондай-ақ, А.Есімов Елбасыға 3000 дана көлемінде «Авифавир» препаратын сатып алу келісімі туралы хабардар етті.
Айта кетсек, аталған кәсіпорын Германия, Жапония, Корея компанияларымен бірлесіп, 300-ден астам медициналық бұйымдар шығарады. Өнімнің негізгі түрлері: медициналық машиналар; пациенттерге арналған мониторлар; ЭКГ аппараты; функционалды кереуеттер және т.б.
Өндірістік қуаты: жылына 50 мың дана медициналық жабдық; жылына 150 мың дана медициналық жиһаз; жылына 1000 дана медициналық көлік. Сонымен қатар, компания өнімнің жаңа түрлерін — шприцті сорғы, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубатор шығаруды игерді.
Дерек көзі: elbasy.kz
759 қаралым