Жарияланды: 14.10.2020

Анкарада концерттік зал ашылды

2020 жылдың 29-30 қазанында Анкарада заманауи құрылғылармен жабдықталған концерттік зал ашылады. Түркиядағы Республика күнінің құрметіне орай шымылдығын түретін концерттік залда сол күні Түркия президентінің симфониялық оркестрі Джеми Джан Делиорман дирижерлығында өнер көрсетеді.

Оркестрмен бірге әлемге танымал сопрано Анджела Георгиу, дүние жүзіндегі ең мықты фортепианалық дуеттердің бірі – Гюхер мен Зехер Пекинел т.б. жаңа ғимарат сахнасында концерт қояды.

Анкара қамалы мен Ататүрік кесенесінің ортасында орналасқан бұл концерттік зал қаланың дәл орталығында тұр. Ғимараттың құрылысына 83 миллион еуро жұмсалған. Іргетасы 1826 жылы қаланған президенттік оркестрдің бас кеңсесіне айналатын залда алдағы уақытта әлемнің ең мықты өнерпаздары жиналады.

Ғимараттың «Үлкен зал» деп аталатын бөлігінде 2023 орын бар. Ал «Көгілдір залда» – 500 орын, «Тарихи залда» – 600 орын. Сондай-ақ, ашық аспан астындағы мейрамханалар, музейлер мен алаңқайлар өнер мен мәдениетті сүйетін көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналатыны сөзсіз.

1826 жылдан бері дәстүрді бабадан балаға мирас ете отырып, жарқын болашаққа бастайтын жаңа жобаларды жүзеге асыратын Президенттік симфониялық оркестрдің барлық концерттері енді осы залда өтеді, Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бірінші дирижері Джеми Делиорманның айтуынша, «Зал өте керемет! Акустикасы мықты. Оркестрдің концерттерін осындай залда өткізу әлемдік деңгейдегі оркестрлермен бәсекеге қабілетті етеді».

1 381 қаралым