Жарияланды: 10.11.2020

ШЫМКЕНТ: «SHANYRAQ» ОРТАЛЫҒЫНДА «БОЛАШАҚ АНА МЕКТЕБІ» КУРСЫ АШЫЛДЫ

Шымкентте «Shanyraq» отбасы институты ішінен «Болашақ ана мектебі» курсы ашылып, жұмысын бастады. Алғашқы кездесуге 14-18 жас аралығындағы 10 жасөспірім қыз бала қатысты.
Басқосуда «Ана үйі» орталығы өкілдері мен психологтар, өмірлік қиын жағдайға түскен қыз-келіншектер өзара пікір алмасты. Курстың мақсаты — қыздардың кәсіпке бейімдігін анықтап, жаңа мамандықтармен таныстыру, отбасы институты туралы кеңестер беру.
Орталықтың жоспарына сай, дәрістер әр аптаның жұма күні өткізіледі. Бүгінде 10 кездесудің тақырыбы бекітілген. Алғашқы сабақта «Өмірде өз ізіңді қалдыру үшін жас күніңде не істеу керек?» деген сауалдан бастаған қатысушылар өз ойларын ашық білдіріп, жиынға қонақ болып келген «Ана үйі» Қоғамдық Қорының үйлестірушісі Қалдар Түнтековамен сұқбаттасты. Тәжірибелі маман тұрмыс құру үшін психологиялық дайындық кезеңдері жөнінде ақпарат берді.
Сарапшылар қыздарға көтерілген мәселелер бойынша сауалнама таратып, алдағы уақытта әр қыздың берген жауабына сәйкес анонимді түрде талқылау өтетінін айтты. Келесі кездесулерде психологпен сырласу сағаты, зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, ұлағатты әжелердің тәрбие дәрістері, аборт жасатудың әйел денсаулығы мен қоғамымызға келтірер зардабы туралы арнайы сабақтар өткізілетін болады.
Айта кетейік, қыркүйек айында Шымкент қаласында «Shanyraq» отбасы институтын қолдау орталығы ашылған болатын. Орталықта мамандар қиын жағдайдағы отбасыларды кәсіпкерлікке баулып, тиесілі мемлекеттік қолдауларға ынталандырады. Осыған дейін онда 700-ге жуық тұрғынға қызмет көрсетіліпті. Сондай-ақ «SHANYRAQ» орталығы қызметкерлері кәсіпкерлікке баулу, баспанамен қамту, медициналық көмектер алу бойынша түрлі сала өкілдерінің қатысуымен іс-шаралар ұйымдастырады.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
1 280 қаралым