Жарияланды: 11.11.2020

Шымкентте электронды Үкімет порталы арқылы қызмет алушылар саны өскен

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушысы Төрехан Дауытов мәлімдеді.

– Департамент зейнетақы, жәрдемақы және басқа да төлемдерді тағайындау бойынша 14 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетуді жүзеге асырады. Оның 13-і электронды форматта жүргізіледі. Жалпы, қалада зейнетақы мен жәрдемақы алушылар саны 280 мыңнан асады. Атап айтқанда, жыл басынан бері 91 788 төлем тағайындалып, қайта қаралды. Ал электронды үкімет порталы арқылы көрсетілетін қызметтер саны өткен жылмен салыстырғанда 1 368-ден 8 572-ге өсті, – деді Төрехан Бекболатұлы.

Спикердің айтуынша, осы жылдың 9 айында жеке және заңды тұлғалардан 3 004 өтініш түскен. Барлық өтініш пен хат уақытылы қаралып, түпкілікті жауап берілген. Ал әлеуметтік желілерде «кері байланыс» орнатылып, азаматтар 5 000-ға жуық әлеуметтік мәселе бойынша өтініштері мен сауалдарына жауап алған. Сондай-ақ, 9 айдың қорытындысымен мүгедектігін куәландырғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 574 адамға азайып отыр. Ал қайта куәландыру бойынша 5 008 адамның 4 251-і қайта мүгедек ретінде танылған. Қалған 319-ы толық оңалтылып, мүгедектігі тоқтаған.

Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету орталығында электронды бұрыш қызмет көрсетеді. Мұнда азаматтарға мемлекеттік Е-gov порталы арқылы мүгедектік, зейнетақы мен жәрдемақы туралы 10-ға жуық қажетті анықтама алуға мүмкіндік қарастырылған.

874 қаралым