Жарияланды: 05.01.2021

ІІІ тоқсаннан бастап бітіруші сынып оқушыларының аралас форматта оқуына рұқсат етілді

Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша III тоқсаннан бастап 9 және 11 (12) сынып оқушылары аралас форматта оқитын болады. Бұл сыныптарда математика, қазақ тілі, орыс тілі, шет тілі, физика, химия, биология, алгебра, геометрия, тарих және т.б. пәндер мектепте оқытылады.

Яғни, барлық пәннің 70 пайызы штаттық форматта өтеді. Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әр түрлі сыныптар үшін әр түрлі уақытта ұйымдастырылады, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін ауысымдар саны көбейтіліп, пәндердің 30 пайызы қашықтан оқытылады.

Мұндай шешім ата-аналар мен көпшіліктің пікірін ескере отырып қабылданды. Сонымен қатар, бітіруші сыныптар түлектерін оқу жылының соңында қорытынды аттестаттау, олардың колледждерге түсу үшін, кешенді емтихандар мен жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ тапсыратыны ескерілді. Осы орайда, мектептерде санитарлық шаралар сақталатын болады.

Мұғалімдер мен ата-аналардың пікірін ескере отырып, кезекші сыныптардағы дәстүрлі форматта оқуға мүмкіндігі жоқ оқушыларға мұғалімдердің қалауы бойынша жеке консультациялар өткізу мүмкіндігі туралы шешім қабылданды. Консультациялық сабақтарды өткізу үшін бес адамға дейінгі топтар құрылатын болады. Қабылданған шешім міндетті түрде бес адамнан тұратын топ құрылып, мектеп оқушыларына консультация жүргізілуі керек дегенді білдірмейді. Бұл қашықтан білім беру бойынша жасалған мониторинг нәтижелеріне негізделген ұсыныстар. Сондықтан, осы мәселелер бойынша мектеп өзара ақылдаса отырып, шешім қабылдауы керек. Мектеп директорлары консультациялық сабақтарды жүргізуге тыйым салмауы немесе мәжбүрлемеуі қажет.

Одан өзге, мұғалімдерді көптеген есептіліктен арылту үшін заңды негіздер пайда болды. Орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізбесі белгіленді. Артық есептілікті талап еткені үшін лауазымды тұлғалар айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мектеп басшысы мен оның орынбасарлары толтыратын нақты қажетті құжаттар тізімі де белгіленген, қажеті жоқ құжаттар алынып тасталды. Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарында да қатаң есептегі құжаттардың 11 формасы алынып тасталды, бұл оқытушыларға сабаққа дайындалуға және кәсіби дамуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.

952 қаралым