Жарияланды: 22.07.2018

Өнім түрі сан алуан

Түркістан облысында бүгінде мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мал азығын дайындап, егін егіп, шөбін жинайтын шаруалар ет өндірумен ғана айналысып қана қоймай, шұжық дайындау цехтарын ашып, өнімдерін сатып отыр. Қазғұрт  ауданындағы «Қарқын–2030» ЖШС- і бүгінде жұмысын жүйелеп, табысын еселеп отырған серіктестіктің бірі. 2009 жылы құрылған шаруашылықтың жер көлемі – 3,5 гектар. Негізінен ірі қара малды бордақылаумен, одан шұжық өнімдерін дайындаумен айналысады. Ет өңдеу цехында тәулігіне 5 тонна ет өндіріледі. Өнімдері Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында сатылуда. Бүгінде Ресейге де тауар тасымалдай бастады. Айына 4-5 тонна өнім жіберіп отыр. Тек бір ғана өнім өндірмейді. Мұнда  жартылай ысталған, пісірілген шұжықтардың түр-түрі шығады. 100-ден астам тұрғын жұмыспен қамтамасыз етілген. Олардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңге төңірегінде. Өнім өндіріп аудан экономикасын көтеруге күш салып отырған өндіріс орны сонымен қатар ауылдықтардың әлеуметтік жағдайына да септесуде. Яғни, жұмыссыз жүрген тұрғындарға екі қолға бір күрек тауып беріп отыр. Бүгінгі таңда облыс бойынша  90 мың тоннадан астам ет өндірілген болса, оның ішінде 8 мың тоннаға жуығы Қазығұрт ауданына тиесілі. Цехта тәулігіне 5 тонна 12 түрлі шұжық өндіріледі. Өткен жылы серіктестік 2 млрд. 955 млн. теңгенің өнімін өндірген. Соның есебінен 167 млн. 218 мың теңге салық түскен.

 

1 136 қаралым