Жарияланды: 05.01.2021

Түркістан: Елімізде баламасы жоқ ескек есу каналы салынады

Елімізде су спорты түрлерін дамытып, Түркістан қаласында жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік туды. Түркістан қаласындағы әкімшілік — іскерлік орталығында Казақстанда баламасы жоқ спорттық кешендері бар ескек есу каналы салынады.

Халықаралық талаптарға сай олимпиадалық орталық өңірде қолайлы микроклимат қалыптастырып, сәулеттік көркін келтірумен қоса, туризм саласын дамытуға сеп болмақ.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев елімізде теңдесі жоқ су кешенінің жаңа басталған құрылыс алаңында болды. Халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық 100 гектарға жуық алаңда орналасады. Каналдың беткі ауданы 47,9 га. Жалпы ұзындығы — 2222 м. Каналдың ені 260 м, тереңдігі 4 м. Толық сараптау жүргізіліп, концепциялық жоба әзірленген.

Спорт кешенінде қонақүй, веложолақ, бассейн, эллинг, каноэге арналған пирстер, көрермендерге арналған табло, трибуналар, аралдарды қосатын көпір және тағы басқа нысандар орналасады. Жаңа жоба Кенсай-Қосқорған-2 су қоймасынан әкімшілік-іскерлік орталығындағы 9 және 11 көшеде құрылысы жүргізіліп жатқан канал арқылы келетін жеткізгіш арна болмақ. Есу каналынан Шошқакөл су жүйесіне дейін жеткізу-шығару арнасы болады.

Сонымен қатар Өмірзақ Естайұлы драма театрының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың, қаладағы 6,7 және 8 қабатты 14 тұрғын үйдің, екі даңғылды қосатын жаңа көпірдің жобаларымен танысты. Жұмыс барысын баяндаған жауапты мердігерлерге нақты тапсырмалар беріп, жобаларға өзгерістер енгізді.

Облыс әкімі қала іргесінде орналасқан дендробақ құрылысының басында болды. 27 гектар жасыл аумақта сан түрлі жеміс ағаштары мен көпжылдық өсімдік түрлері өсіріледі. Құрылысы жүріп жатқан жасыл бақтың 2360 ш.м аумағына гүлдер егіліп, 20 476 ш.м жеріне көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баққа акация, талшын, катальпа, эльдар қарағайы, қара қарағай, қырым қарағайы, шынар сынды 12 000 ағаш түрлері егілуде. Мұнда амфитеатрлар, балалар алаңдары, субұрқақтар, қыз жүзім өсірілетін

дизайнерлік жоба, жасанды көл мен көпірлер салынады. Өмірзақ Естайұлы егілетін көшет санын көбейтіп, жасанды көлдің көлемін үлкейтуді тапсырды.

«Жұмысқа жүрегіңді сал. Жан — тәніңмен еңбек ет. Міне, сонда ғана іс өнеді. Өз ісіңнің хас шебері боласың. Ол үшін қолға алған істі бар ынта — жігеріңмен істеу керек»,- деді мергілерлер мен құрылысшылармен кездескен облыс әкімі.

Сондай — ақ, аймақ басшысы осыдан тура 1 жыл бұрын, дәл осы күні алғашқы қазығы қағылған «Керуен сарай» кешенінде болды. Инвестициялық жоба алдағы наурыз айында толық аяқталып, ел игілігіне берілмек. Қаладағы құрылыс алаңдарын аралаған облыс басшысы, жұмыстардың кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанына көз жеткізді.

Құрылыс нысанында 67 техника және 1320 адам жұмыспен қамтылған. Туристер үшін қызмет көрсететін теңдессіз нысанның құрылысы қарқынды. Шығыс стиліндегі көп функционалды заманауи туристік қалашық аумағында әртүрлі деңгейдегі қонақ үйлер, ұшатын театр, амфитеатр, аттракциондар, мейрамханалар, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық кешені, шығыс базары т.б. ғимараттар орналасады. Жалпы құрылыс алаңы 20,5 га ауқымды жерді қамтиды.

 

4 213 қаралым