Түркістан облысында бүгінде кәсіптің көзін тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер көп. Әр салада жүргенімен олардың басым бөлігі бүгінде ауыл, ауданды қойып, облыстан да асып республикамыздың түкпір түкпіріне тауарларын тасымалдап отыр. Тіпті экспортқа да өнім жөнелтіп отырғандары бар. Қазығұрт ауданындағы Қызылқия ауыл округіндегі «Аманкелді» ЖШС-і әу баста кішігірім кәсіпкерлік субьектісі болатын. Бүгінде ауқымы кеңейіп, өндіретін өнімі де молайып отыр. Дәл қазіргі уақытта І, ІІ және ІІІ репродукциялы бидай тұқымы, жеміс-жидек өнімдерін өндіреді. Тамшылатып суару әдісін қолданатын шаруашылықта 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Серіктестік басшысы Нұрлан Құралов қарқынды бау өсірудің кәсіби маманы десе де болады. Ауқымды бауында өзгелерге қарағанда өнімді бес еседен он есеге дейін көп береді. Қазіргі таңда Қазығұрт ауданында қарқынды бау көлемі 242 гектар, жылыжайлар 117 гектар болды. Бүгінде әсіресе Қазығұрт ауданында бау шаруашылығы да жақсы жолға қойылған. Бұл қожалық өткен жылы ішкі саудадан бөлек, 80 тонна жеміс-жидекті экспорттаған. Бұл серіктестік дәнді-дақыл, жеміс-жидек өсірумен қатар, көшет дайындау ісін де жақсы жолға қойған. Өткен жылы 1 млн. дана алма, 500 мың жүзім көшетін дайындап, шаруаларға таратқан. Агросаланы алға жылжытып ауқымды тірлік атқарып отырған шаруаның еңбегі көпке үлгі.
Жарияланды: 22.07.2018