Жарияланды: 27.01.2021

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1500-ГЕ ЖУЫҚ ТҰРҒЫН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУМЕН ЖЕКЕ КӘСІБІН АШҚАН

 
Түркістан облысында «Бастау» жобасына қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Былтыр пандемия салдарынан кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн форматта өтті. Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар «Atameken.со» сайтында өтінім толтырып, өзіне ыңғайлы уақытта жобаға қатысуға мүмкіндік алды. Оқыту уақытында қатысушыға кеңес беру үшін бизнес — тренер бекітілді. Пандемия кезінде өз ісін ашудан қорықпаған тыңдаушыларды — мемлекет жеңілдетілген несиелер мен өтеусіз гранттармен қолдады.
«2020 жылы «Бастау» жобасы бойынша 3 676 адам оқудан өтті. Жоба аясында оқыған азаматтардың ішінде жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құрайтын 1 500 түркістандықтың жобасы қаржыландырылған. Оның 720 млн теңгесі — 1298 жобаны мемлекеттік грант есебінде қолдауға бағытталған. Ал 202 жобаға мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген несие ретінде 791 млн.теңге бөлінді. Кәсіп ашқан жоба түлектері екі мыңға жуық азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде», — дейді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков.
Мамандардың айтуынша, «Бастау» жобасы қатысушылары соңғы жылдары – ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласына ден қойылған. Атап айтқанда өткен жылы қаржыландыру алған жобалар үлесінің 82 пайызы – ауыл шаруашылығы, ал қалған үлес — қызмет көрсету саласына тиесілі.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
4 237 қаралым