Жарияланды: 01.02.2021

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ ЖОЛ АҚЫСЫН ТӨЛЕУ БОЙЫНША ЖАҢА ТӘРТІП ЕНГІЗІЛДІ

 
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қаладағы қоғамдық көлік мәселесімен танысу үшін рейдтік іс-шараға қатысты.
Қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесі енгізілгеннен кейін тұрғындар мен көлік қызметкерлері арасында жол ақысы жөнінде мәселе туындады. Жолаушылар валидаторлардың жиі істен шығатыны және кондукторлардың жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеуді талап ететіні туралы шағымдана бастады.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес жол ақысын төлеу бойынша жаңа тәртіп енгізілді. Енді қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесінде техникалық ақау болған жағдайда, жолаушылар тегін жүреді.
Шаһарда орталық пен шалғай аудандарға шығатын жолда халық көп шоғырланатын орындар бар. Олар Нұрсәт шағын ауданындағы «Гимнастика», «Hyper house» аялдамасы, Самал және Автонұр базарлары, Көмеш бұлақ (колос), «Mega Planet» пен «Облыстық әскери комиссарият» аялдамалары.
Мақсұт Пернебайұлы осы аялдамаларды аралап, тұрғындарды 1 ақпаннан бастап «ТӨЛЕМ» жүйесіне қатысты жаңа тәртіппен таныстырып, жолаушылардың осы салаға қатысты шағымын тыңдады.
Айта кетейік, жолаушылар төлемдерді SMS арқылы төлеуге болады. Ол үшін қоғамдық көлік ішінде көрсетілген арнайы кодты 2222 нөміріне SMS ретінде жолдайсыз. Жолақысы абоненттік бірліктен алынатын болады.
767 қаралым