Жарияланды: 11.03.2021

ШЫМКЕНТТЕ «АДАМГЕРШІЛІК ІЛІМІ ЖӘНЕ ХАКІМ АБАЙ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

 
Шымкенттегі «Хакім Абай» музейінде белгілі абайтанушы, М.Әуезов атындағы ОҚУ-ң «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Әліпханның «Адамгершілік ілімі және Хакім Абай» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Кітапта адамзат танымының тарихында қызу талқыланған адамгершілік ұғымының мән-мазмұны мен төркін-тегі Аристотель, Плотин, Әл-Фараби, Ибн-Сина еңбектері негізінде жүйеленіп, айқындалған. Адамгершіліктің ең қайырымдылық пен жан саулығы, ең берісі игілік пен бақыт екені түйінделген.
Кемел кісілікке жету жолын нұсқаған еңбекте төркіні де, танымы да терең осы адамгершілік ілімінің қазақ әдебиетінде Ж.Баласағұн, А. Иасауи, Абай, Шәкәрім шығармалары арқылы жүйелі жырланғаны қарастырылады. «Адамгершілік ілімі Хакім Абай» шығармаларынан бастау алып, тамыр-тегінен тартып таратыла сөз етіледі. Бұл туынды жоғары оқу орны шәкірттері мен талапты жастарға және көзіқарақты оқырман қауымға арналған.
Жаңа туындының таныстырылымына белгілі қаламгерлер филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Филология» факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Мақұлбекұлы, «Абайтану» ғылыми оқу орталығының аға қызметкері Құралбек Ергөбек пен орталық меңгерушісі Саттар Өмірзақ қатысты. Сондай-ақ Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Зәуре Оралбаева, тарихшы, доцент ОҚМПУ-нің «Рухани жаңғыру және тәрбие» бөлімінің басшысы Қайрат Анарбаев, «Шымкент қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Абай атындағы орталық кітапханасы» директоры Гүлсім Әлкебайқызы кітапхана және музей қызметкерлері, студенттер мен мектеп оқушылары жиналды.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
3 643 қаралым