Жарияланды: 11.04.2021

ЮНЕСКО-ның тізіміне енген ауыл

Түркияға баруға ынтық қылатын басты қару түрік сериалдары десек артық айтқандық бола қоймас. Көздің жауын алар әсем табиғаты, шағалалары шаңқылдаған көгілдір теңіздері, көкке оранған алып таулары, архитектуралық пішінімен тамсандыратын ғажап ғимараттар… Мұның бәрі де түріктің атақты сериалдарында көрініс тапқан. Ғажайып мекенді бір көруге ынтықтырады осылайша. Астында бір тіреуі жоқ алып көпірді көру де көпшілік үшін арман…

2006 жылы елімізде түріктің «Қыналы қар» сериалы көрсетіле бастады. Шым-шытырық оқиғалармен астасқан махаббат хикаясын бастан аяқ жібермей көргендер көп. Сондағы Жаббар төренің, Назар қыздың, Әли мұғалімнің ауылы, яғни, «Қыналы қар» сериалы түсірілген Джумалыкызык ауылына ат басын бұрдық.

Джумалыкызык – Бурса қаласынан 13 шақырым қашықтықта, Улудағ тауының етегінде орын тепкен ежелгі ауыл. Тарихи келбетін әлі күнге дейін сақтап қалған ауыл расында ежелгі замандардан сыр шертеді. Тасын түртіп қалсаң, іргетасы үгітіліп кетердей өте көне үйлер сол күйі сақталған. Қалай құлап қалмай тұрғанына таң қаласың. Көшелері өте тар. Тіпті бір адам әзер сиып өтердей екі үйдің ортасындағы көше әлемдегі ең тар көшелердің бірінен саналады екен. Түрік ағайындар оны әлемдегі ең тар екі көшенің бірі деп әспеттеп отыр. Түркияда және Испанияда ғана бар екен.

Ал көлік өтетін көшелерінің өзі тіпкен кішкене. Ауыл шаруашылығына арналған тракторды тізгіндеген бір атай осы тар көшелермен жүйіткіп барады. Екі үйдің арасындағы арақашықтықты миллиметрлеп, сантиметрлеп машықтанғаны әбден көрініп тұр. Екі жақтағы үйлерге трактордың доңғалағын бір тигізбей өте шықты.

Көшелерін өзен жағалауында жататын жылтыр тастармен көмкеріп шыққан. Ауыл арасымен су ағып жатыр. Арнайы соғылған арық та жоқ. Тастардың үстімен өз арнасын тапқан су төмен сырғып жатыр.

«Қыналы қар» сериалы түсірілген үй бүгінде қонақ үй етіп қайта жөндеуден өткізіліпті. Әрі дәмханасы да бар. Мұнда келгендер осында түнеп, түріктің дәстүрлі кофесінен дәм татпай кетпейді. 700 жылдық тарихы бар ауылда атам заманнан бері өз канализациясы болған. 

Мұнда осы маңдағы алғашқы мешіт тұрғызылған екен. Жұрт жұма намазына жиналған. Жолбастаушымыздың айтуынша кызык деген халық болған. Сондықтан жұма намазына жиналған жұрттың атына орай Джумалыкызык деп аталған екен.

Жаббар төренің жиын өткізген бөлмесі сол күйі сақталған. Көне жәдігерлер ежелгі заманнан сыр шертіп тұрғандай. Түріктің тарихы таспаланған, аспан астындағы ашық мұражай секілді ауыл. Екі қабатты ескі үйлер көненің көзіндей тірі жәдігер болып тұр.

Ауыл алып өндіріс ошағы іспетті. Мұндағы әрбір үйден сауда нүктесі ашылған. Бірі қолөнер бұйымдарын, бірі кәдесый, шырын, киім, енді бірі тәттілер сатып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Тарихи ауылды көруге келгендер сауданың көрігін қыздырып жатыр.

Бурса қаласы мен Джумалыкызык ауылы ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне 2014 жылы енген екен. Тарихы тереңнен тамыр тартатын ауыл Османлы империясының құрылуына негіз болғаны тұрғысынан аса маңызды…

Гүлжан Көшерова

 

 

 

5 656 қаралым