Жарияланды: 11.04.2021

Аралдағы Гөлйазы қаласы

Түрік елінің қай қаласын алып қарасаңыз да тарихқа тұнып тұр. Әрі түрік ағайындар кіп-кішкене дүние болса да соны дабырайтып, «бұл біздің – тарих» деп мақтанышпен айтады. Қаншама ғасырларға созылған соғыс та түрік тарихын байыта түскені анық. Әр шайқастан қалған із әр қалада бір-бір тарих парағы болып таңбаланып тұр. Әрі түріктердің ата-баба ерлігіне деген құрметі де ерек. Алдағы ғасырларға сол қалпы бұзылмай жетуі үшін сіңіретін еңбектері де орасан…

Түркияның Гөлйазы қаласын біздің дәуірімізге дейінгі 600 жылы ежелгі гректер салған деседі. Улуабат көлінің ортасындағы аралда орналасқан қаланы кішігірім көпір жалғап тұр. Ертеректе Апполониада аталған қала 1303 жылы Осман империясының құзырына көшеді. Сол кезеңдерде мұнда христиандар мен мұсылмандар бірге тұрған. Сол себепті түрік пен грек бірге өмір сүретін Апполониада (Гөлйазы) қаласында мешіттер мен шіркеу тұрғындарға қатар қызмет көрсеткен көрінеді.

 

Осындағы ежелгі шынар ағашын көру бақыты бұйырды. Жолбастаушымыз Беркан Тасанның айтуынша шынар ағашына биыл 748 жыл толыпты. «Жылауық тал» дейтін қосымша атауы бар. Қаншама ғасыр өтсе де, бір бұтағы да қурамай тұрғанына таң қалмасқа шара жоқ. Күллі мұсылман қауымы киелі санайтын шынар ағашының түбіне келіп, тілек тілеп, суретке түсіп жатқандардың қарасы қалың.

 

Талай ғасырлық соғысты бастан кешкен аумақта христиандар мен мұсылмандар тату тәтті өмір кешіпті. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін осы аумақты ағылшындар, француздар мен гректер жаулап алған. Олар мұнда екі жыл билік құрған. Түркия Республикасы деп танылғаннан кейін 1923 жылы Лозан келісімшарты жазылған. Мұнда өмір сүрген христиандар Грецияға көшкен келісімшарт бойынша. Ал мұсылмандар осында қоныс аударған. Ал шынар ағашына келсек…

 

Сан ғасырларға созылған аңыз бар. Мұсылман жігіт Мехмет діні христиан Елена сұлуға ғашық болады. Ол замандарда діні бөлектердің бас құрауы қылмыспен тең болып саналғаны белгілі. Келісімшарт бойынша христиандар қоныс аударуға тиіс болғанымен Елена осында қалғысы келіпті. Қос ғашық шынар ағашының түбінде кездеседі екен. Еленаның ағалары екеуінің махаббат хикаясын есітіп, ашуға булығады. Шынар ағашының түбінде ағалары Мехметті өлтіреді. Қанға бөгіп жатқан Мехметті көрген Елена сұлу  онсыз өмір сүре алмайтынын айтып, өзін өлімге қиған көрінеді. Қос ғашықтың махаббатына куә болған алып шынар ағашынан содан бері көз жасы тамады деген аңыз бар.

 

Айтулы аңызы бар алып шынар ағашын көруге дүниенің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келіп жатыр. Туризмнің арқасында мұнда да түрік ағайындар сауданың көрігін қыз-қыз қайнатуда. Көл жағасында белі қылдай түріктің ұлттық шыны ыдысымен шәй ішу мұнда дәстүрге айналған.  Теңіз жағалай сауда қатарлары, дәмханадан аяқ алып жүргісіз. Теңіз тағамдарынан дәм татушылар көп.

 

 Моторлы қайықпен серуендеуге де мүмкіндік жасалған. Туризмнен тиын табуды кәсіп қылғандар мұнда да қайықтың қарапайым түрінен бастап, тойға арналған түріне дейін жасап, серуен арқылы пайда тауып отыр.

 

Тау, беткей, қыраттың бәріне де жағалай үй салып тастапты. Әрі жер учаскелері де тым кішкене. Бір көлік пен шәй ішетін кішкене орындықтар сыйса болғаны сияқты. Таудың басына дейін салынған үйлерге жеткізетін тас жолдары тақтайдай түзу. Біздегідей шұрқ-тесік жол көрмейсіз ол жақта.

 

Жалпы Түркияда туризм саласына барынша қолайлы жағдай жасалған. Қай қаласы, қай ауылына барсаңыз да ағылып келіп жатқан туристердің легінен көз сүрінеді. Қызмет көрсету саласы жоғары деңгейде жұмыс жасайды. Сұлу табиғаты мен көз тартатын көрікті жерлері көп Түркия әмәндә туризмнің көшбасшысы болып қала бермек…

 

Гүлжан Көшерова

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

6 624 қаралым