Жарияланды: 21.05.2021

Түркістан қаласында жер кезегінде тұрған азаматтарға жер телімін беру мәселесі шешілуде

«Жер қатынастары» бөлімінің тікелей эфирде өткен тоқсандық есеп беру барысында айтылған Нариман Қасымбековтың баяндамасына сәйкес, Түркістан қаласының жер кезегінде 34 886 азамат кезекте тұр.

Қазіргі таңда бөлімде кезектілік базасы енгізіліп, оның ішінде 1600 азаматтың аты-жөндері қайталанып, қайтыс болған және өтініш білдірген азаматтардың мүлкі бар болуына байланысты комиссия құрылып, кезектілік базасынан алып тастау жұмыстары ұйымдастырылуда. Одан өзге, жер учаскелерін дайындау бойынша Кентау тас жолы бойында 1400-ге жуық бос жер телімдері анықталып, олардың құжаттары нақтыланып, қаулысы қайтарылатын жағдайда мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.

2021 жылдың 5 айында «Жер қатынастары бөлімімен» 3021 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Мекемеге қатысты бірнеше көрсетілетін қызметтер бір терезе қағидаты бойынша қала әкімдігінің жанынан құрылған Халықтық кеңсе арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, биыл 5 ай ішінде 18 жер комиссиясының отырысы өтіп, жалпы 758 құжат қаралып үлгерген. Ал қабылданған жер қаулылары саны 1094-ті құраған.

Түркістан қаласы тарихында бірінші рет облыс орталығының бүкіл аумағын инвентаризациялау жұмыстары атқарылуда. Инвентаризация барысында қала аумағында 1000-ға жуық пайдаланусыз жатқан бос жерлер және заңсыз иемденген аймақтар анықталған. Анықталған бос жер телімдері Түркістан қаласы бойынша жер кезегіне тұрған азаматтарға берілу мақсатында қажетті құжаттамалық жұмыстар атқарылуда.

Инфрақұрылым жүйелері іске қосылмаған аумақтарда жер телімін беру заңсыз болуына байланысты «Яссы» ауылдық округінің жер телімдеріне де қаулының шығарылуы заңға қайшы болып табылады. Осыған ұқсас мәселелердің туындамауы мен тұрғындардың келеңсіз жағдайға ұшырамауын болдырмау және тек заңға сәйкес жұмыс атқарылуын қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылдан бастап жер телімдерінің берілуі тоқтатылған болатын.

2 595 қаралым