Жарияланды: 23.05.2021

TURKISH AIRLINES ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ ТҮРКІСТАН- ЫСТАМБҰЛ БАҒЫТЫ БОЙЫНША ҰША БАСТАДЫ

 
 
Turkish Airlines түрік әуе компаниясы Қазақстанның рухани астанасы Түркістан қаласынан Ыстамбұлға жаңа халықаралық тұрақты рейсті іске қосты. Билет құны 119 500 теңгеден басталады. Түркістан және Ыстамбұл қалалары арасында тұрақты әуе қатынасы эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай кезең-кезеңімен ұлғая отырып, аптасына 1 рейс жиілігімен (сенбі) Б-737 типті әуе кемесінде орындалатын болады.
Азаматтық авиация комитеті мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі туризмді дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда Түркістан қаласы әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Ыстамбұлға рейстер орындалуда және осы жылдың 2-ші жартыжылдығынан бастап түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістанды аптасына 50 рейс жиілігімен 10 облыс орталығымен (Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскемен) қосу жоспарлануда.
Түркістан қаласы әуежайы шетелдік әуе компаниялардың ұшуы үшін «ашық аспан» режиміне енгізілген, бұл оны ұшу географиясын кеңейту үшін тартымды етеді және шетелдік туристер ағынын тартуға ықпал етеді.
Сондай-ақ,осы жылдың 31 мамырынан бастап «Fly Arystan» әуе компаниясы Түркістаннан Бішкекке (Қырғызстан) жаңа рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Ташкентке (Өзбекстан) рейстің ашылуы қарастырылуда.
Алғашқы тұрақты рейс іске қосылған сәттен бастап Түркістан қаласының әуежайынан 160-тан астам рейс орындалып, 47 мыңға жуық жолаушы тасымалданды, рейстердің орташа коммерциялық жүктемесі 83%-ды құрады.
Рейстер санитарлық – эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компания сайтында жарияланған кестеге сәйкес ұшырылады.
 
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
 
__
1 008 қаралым