Жарияланды: 07.07.2021

ШЫМКЕНТ: 300-ДЕН АСТАМ АРЫЗ ТҮСІП, 22 МЛН ТЕҢГЕ ТҰТЫНУШЫЛАРҒА ҚАЙТАРЫЛДЫ

 
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы А.Қожамұратованың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Айман Ақанқызы Департамент тарапынан ағымдағы жылдың І жарты жылдығында атқарылған жұмыстарды баяндады.
–Департаментке жыл басынан бері 300-ден астам арыз-шағым келіп түсті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65 пайызға жоғары. Мәселелер мекеме мамандарымен қаралып, Шымкент қаласының тұтынушыларына 22 млн теңгеден астам қаражаты қайтарылды. Келіп түскен арыздардың басым бөлігі — бөлшек сауда, көлік қызметтері және интернет саудасына қарасты. Одан бөлек, БАҚ өкілдерімен бірлесе, тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңы бойынша қала тұрғындарына ауқымды ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары жүргізілді, – деді Департамент маманы.
Спикердің сөзінше, қазіргі таңда қала базарларында 7-ден астам «Тұтынушы бұрышы» ашылған. Ал департаментте Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесе, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпкерлер палатасының және мемлекеттік органдардың қатысуымен ведомствоаралық кеңес құрылған.
Сонымен қатар, осы жылдың 25 мамырында қалалық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Сауатты тұтынушы, адал ниетті кәсіпкерді қалыптастырады» тақырыбында іс-шара өткізілді. Оған өңірдің ірі кәсіпорындары қатысты. Онда «е-tutynushy» платформасы бойынша түсіндірме жүргізіліп, сатушының міндеттері және тұтынушының құқықтары баяндалды.
Айта кетейік, департамент жедел қоңырау желісіне жауап беруге дайын. Сұрақ қойып, кеңес алғыңыз келсе +7 (747) 936-41-84 нөміріне хабарласуға болады.
Шымкент қаласы Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
1 277 қаралым