Жарияланды: 09.10.2021

Үшемдерге сыйлық жасады

Ордабасы ауданы Қараспан елді мекені Көлтоған ауылының тұрғыны Тәңірбергенов Алпамыс Оңғарұлының отбасында үшем 2 ұл, 1 қыз дүниеге келді. Бұған дейін 3 қыз, 1 ұлды дүниеге әкелген Төлегенова Нұрсұлу бірден алтын алқа иегері атанды. Тәңірбергеновтердің шаңырағына шаттық сыйлаған сәбилердің есімдері Ернұр, Арнұр, Балнұр.

Жарық дүние есігін 24 қыркүйек күні ашқан сәбилерде сарғаю болған. Бүгінгі таңда жаңа босанған ана мен сәбилердің денсаулықтары жақсы. Ордабасы орталық аурухананың бас дәрігері Мырзагелдиев Бақытжан Мырзалыұлы Тәңірбергеновтер отбасына арнайы барып қуаныш иелерін құттықтап, құрмет көрсетіп, сәбилерді серуендетуге өте қажетті 3 дана қоларба, 9 кг құрғақ сүт сыйлықтар табыстады.

Көп балалы ата -ана аурухана ұжымына және бас дәрігерге алғыстарын білдіріп «Ауруханамыздың бас дәрігеріне көп көп рахмет. Бізді елеп келіп құттықтап сыйлық беріп жатыр. Осы кісі секілді азаматтарымыз көп болсын! Барлык келіп құттықтаған дәрігерлерге рахмет. Күнде хабарласып жағдайымызды сұрап біліп отырады. Еңбектері жана берсін» деп рахмет айтты.

 
1 876 қаралым