Түркістан облысының Астанадағы алғашқы жәрмеңкеге қатысқан 50-ден астам кәсіпкер, жалпы құны 122,8 млн теңге болатын 286 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағамен саудалады, деп хабарлайды egemen,kz. Атап айтқанда, 65 тонна ет өнімдері, 101 тонна көкөніс, 18 тонна сүт өнімдері, 23 тонна жеміс-жидек, 18 тонна картоп, 20 мың дана жұмыртқа, 6 тонна балық, 5 тонна кептірілген жеміс, 4 тонна түрлі консервілер, 41 тонна басқа да өнімдер сатылымға шығарылған. Облыс мереке аясында 5 рет жәрмеңке өткізбек. Осы аралықта түркістандық шаруалар елордаға 14 753 тонна болатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 28 түрін жөнелтеді. Бұл орайда облыстан 35 ірі және қосалқы шаруа қожалықтары мен кәсіпорындары іріктеліп, дайындық жұмыстары күшейтілген. «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан «Шымкент Темір» ЖШС-ның болат құю зауыты іске қосылады. Жалпы құны 4,2 млрд теңге болатын кәсіпорын жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс орны іске қосылғанда 150 азамат жұмыспен қамтылмақ. Түркістан қаласында «Яссы құс» шаруа қожалығының екінші кезеңі, сыйымдылығы 200 тонна болатын көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын сервистік орталық ашылады. Жалпы, қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында осы уақытқа дейін 90 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда мұнда көп қабатты 27 үй салынуда. Енді бұл шағын аудан «Астана» деп аталады. Ал аумағы бір гектарға жуық «Астана» гүлзарында шынар, каштан, қайың ағаштары мен түрлі гүлдер егіліп, орындықтар мен жарықшамдар, балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылған.
Ғ. Елшібай