Жарияланды: 20.12.2021

Ол бақытты бола алады ма?

Оның жаны – жәудір. Мөлдіреген жанарына қарап отырып, ішкі әлемінің тазалығына таң қаласың. Айналасына мейірім төге, шуағын шаша қарайтын тұнық қара көздерінің сұлулығын суреттеуге тіл жетпейтіндей. Бәрінен бұрын оның өмірге деген құштарлығына қызықпау мүмкін емес…

Дүние есігін ашқаннан бастап, тағдырдың ащы дәмін татқан оның өмірге ынтызар болмауына қақысы жоқтай. Екі күндік шақалақ шағында анасынан айырылып нағашыларының қолында өскен ол әкесі бола тұра тірі жетімнің күйін кешкен. Белгілі ғой, өгей анасы бауырына баса қоймапты. Әкесінің де бұған емешегі езіліп тұрмағаны бесенеден белгілі. Бақытына орай, нағашы жеңгелері мейірім бұлағын қанып ішкен нағыз иманды жандар болып шықты. Бала жасынан бар мейірін төгіп, мәпелеп өсірді.

Анасына деген сағыныш ұдайы бауырын сыздатып тұратыны болмаса нағашыларының арқасында жетімдіктің зарын тартқан жоқ. Дегенмен ата-анасы бар сыныптастарына қызыға қарайтын. Түнде жастығын құшақтап жасырын жылайтын. Әкесі мен анасының алақанынан ұстап, көшеде мәз мейрам болып келе жатсам, шіркін деген арманы таныштық таптырмаушы еді.

Кейде безбүйрек біреулердің «жетім қыз» деп мүсіркегені жанын жаурататын. Бұл аздай желкілдеп өсіп келе жатқан шағында айықпас ауруға шалдықты. Дәрігерлердің нақтылап қойған диагнозын естігенде мына өмірден баз кешкісі де келген. Алайда оны тағы да айналасындағы жақсы жандардың мейірімі құтқарып қалды. Сәт сайын, сағат сайын өзінің ауру екенін дәлелдеп, өзіне өзі дәрі егіп отырмаса өмірі қыл үстінде…

Бой түзеп, бұлаңдап 18-ге толған шағында көз сүзіп, сөз айтушылар көбейді. Жүрегін ала жүгіргендердің дені бұның диагнозын ести сала теріс айналады. Алғашында өзіне де ұнаған жігіттер болды. Сезімдері суынып сала беретін ондайларға алғашында қатты күйзелетін. Уақыт өте оған да бойы үйренді.

Өзін өкпелеткендерге де, өзі өкпелегендерге де еш реніші жоқ. Демалыс орнында бір бөлмеге жайғасқан екеуміз түні бойы әңгімеміз таусылмайды.

«Осыдан тұрмысқа шығып, бала босансам, ауруымнан түбегейлі жазыламын» дейді ол.

Оның үмітін үзгім келмей, «Ия, Жаратқан иемнің құдіретінде шек бар ма? Жазылмайды деп нақты диагноз қойылған, жаман ауруға шалдыққан туысқаным да құлан таза айықты ғой» деймін мен.

Ол ойланып қалады. Осындай өмірге ғашық сұлу қыздың шын жазылып кеткенін түнімен тілеп шығамын. Ия ол нағыз бақытты болуға лайық жан!

Мерейлі Ақтан

1 882 қаралым