Жарияланды: 23.12.2021

Ақшаңды көбейтіп беремін…

Мақтаарал ауданы ПБ-ға Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны арызданып келген. Онда Мақтаарал ауданының тұрғыны алаяқтық жолмен, әлеуметтік желі арқылы сеніміне кіріп, ақшаңды көбейтіп беремін деп алдағанын көрсеткен. Осылайша 500 000 теңгеден астам ақшасын алғандығын көрсеткен. Аталған дерек ҚК-нің 190-бабы, яғни «Алаяқтық» бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

 
Мақтааралдық тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы елордалық тұрғынды арбауына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жасады. Куәлардан жауап алу барысында, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, ол полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
 
Белгілі болғандай, күдіктінің арбауына Маңғыстау қаласының тұрғыны да түсіп қалған. Ақшасының еселеніп қайтатынына сенген жәбірленуші, күдікті әйелге 500 000 теңге ақша берген.
 
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес азаматтарға, яғни жұмысқа орналастырып беремін, несие болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді. Егер, сіз, алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыз.
533 қаралым