Жарияланды: 29.03.2016

Әдебиетіміздің асыл кені

Жамбыл бабамыз өзінің ға­сырға жуық ғұмырында тау мен даланы жырлады, поэзия әлеміндегі туған халқының мақтанышы, әлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Оның ақыл-ойға, парасатқа, терең тарихқа, мөлдір сырға, нәзік сезімге, бай образға толы поэзиясы өлеңге құштар, өнерсүйер әрбір жанды сүйсінтті. Жамбыл бабамыз – есімі қазақ әдебиетінде алтын әріптермен қалған ғажайып құбылыс! Алып та биік, айдынды да айбынды жыр жампозы!

Ақиық ақынның жыры да, сыры да мәңгілік тақырыпты қозғайды, яғни, тір­шілік және адам­тану жөнінде! Жыр алыбы өскелең ұрпаққа, біздерге асыл мұраға нені қалдырыпты, жас­тарды неге үндеді? Олай болса, белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының осы орайдағы пайымды пікірлеріне жүгіне отырып, талдап көрейікші.

Ақын да өзінше бір әлем, тіпті, бейнелеп айтар болсақ, әулие! Сондықтан, оның көңіл көкжиегі, ойы ұшқыр, әрқашан биікте, аспанмен астасып, жұлдызбен жымдасып жатады. Ақын болса, адамдардың пендауи тіршілік, пайымын саралап, жақсылығына жаны жадырай рахаттанып, ал қиянат-қиыс істерге жаны қинала күйініп, жүрегі сыздап, қатты қапаланады. Ол өзі өмір сүрген қоғамнан мүлде сырт қала алмайды.

Ақынды әулие демей көріңіз, кім-кімді де жетістігін асқақтатып, ал кемшілігін, дәулеті мен бе­деліне қарамастан ашық айтады. Осы ретте нағыз ақындықтың бол­мысын, сол кездегі заман­ның және қазіргі таңдағы би­лердің, қазылардың (судьялар) әділетті болмысымен қатар қарауымызға болады. Ақынның да, судьялардың да қоғамдағы миссияларының түпкі негізі – әділеттілік пен шыншылдықты сақтап қалуға барын салуда деп айтқанымыз жөн. Өйткені, қазіргі таңдағы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік қоғамды орнықтыруда сот ор­гандарының, мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғауда табандылық танытып келеді. Және де тарихта бұрын өткен шешендер, ақындар мен билердің дауды шешудегі кесіп айтқан әділ төрелігін қазіргі таңда сот органдары атқарып жатыр деуге толық болады.

2 499 қаралым