Жарияланды: 26.12.2021

Мемлекеттер неге дамымай қалады?

 

Мемлекет құрылысы тақырыбындағы кітаптарды аударуды мақсат еткен едік. Mazmundama жобасы аясында осы тақырыпта халықаралық бестселлер жарық көрді.

 
Кейбір елдердің дамып, ал кейбірінің тұралап қалатыны Мемлекеттік басқару ісінің магистрі ретінде маған ғана қызық емес, жалпы жұртқа да қызықты болады деп ойлаймын.
 
Даму экономикасын көптеген ғалымдар зерттеп, қалам тербеген. Әрқайсысы әрқилы гипотеза айтады. Солардың ішінде Дарон Аджемоглу мен Джеймс Робинсонның “Мемлекеттер неге дамымай қалады: биліктің, өркендеу мен кедейліктің бастауы” (Why Nations Fail: The Origins of Power, Prosperity, and Poverty — «Почему одни страны богатые, а другие бедные: происхождение власти, процветания и нищеты») атты кітабының орны бөлек.
 
Ғалымдар екі түрлі институтты салыстырады. Бірі көпшілікті саяси шешім шығару мен табысты бөлу процесіне қатыстырмайтын экстрактив институттар. Екіншісі қалың халықты елдің саяси және экономикалық өміріне белсенді араластыратын инклюзив институттар. Экстрактив институттар билік құрған елдің көсегесі көгермейді екен. Кедейліктен көз ашпайтын көрінеді. Ондай елдерде тұратын ақылдылар өз елдерінен кетіп қалуға асық. Байлық — билік ұстаған азшылықтың қолында.
 
Ал инклюзив институттар жайлаған елде әркім өз ойын іске асырып, өнертабыстар нарыққа жол тауып жатады. Себебі сіздің қауіпсіздігіңіз мен меншігіңіз қорғалған. Ешкім келіп тартып алмайды. Сондықтан көбірек жұмыс істеуге, көбірек ойлап табуға мүдделісіз.
 
Ғалымдар өз ойын дәлелдеу үшін көптеген тарихи деректер келтіреді.
 
Бұл кітапты оқып шыққан адамның мемлекет құрылысы туралы көзқарасы қалыптасып, елдегі саяси һәм экономикалық процестерге өзінше баға бере алатын болады.
 
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
 
2 123 қаралым