Жарияланды: 19.01.2022

5 адамды улап өлтірген…

Түркістан қаласында 5 адамның өліміне қатысы бар екі ЖШС-ның директоры 4 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Еске сала кетейік, өткен жылдың ақпан айында улы газбен улану салдарынан әйел мен оның төрт кәмелетке толмаған баласы қаза тапқан болатын.

 
Аталған жайт облыста белгілі бір резонанс тудырғанын ескере отырып, Түркістан облысы Полиция департаментінің тергеушілері қылмыстық істі өз өндірісіне қабылдады. Яғни бүгін осы қылмыстық іс бойынша бізге облыстық департаменттің тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасов егжей-тегжейлі айтып берді:
 
«Бұл іс басталған уақыттың өзінде бірден облыс пен полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында болды. Әрине, бір түнде бүтін бір отбасы қайтыс болды: 41 жастағы ана мен оның төрт кәмелетке толмаған балалары. Ең кіші бала 4 жаста еді. Тек отағасы аман қалды. Себебі ол сол кезде Шымкентте емделіп жатқан.
Болашақта мұндай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін біз іс бойынша мұқият жұмыс істей бастадық. ҚР ҚК 306-бабы 3-бөлігі «абайсызда адам өліміне әкеп соққан, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастадық. Бірден сот-технологиялық сараптамасын тағайындадық. Нәтижесінде мамандар газ желілерін орнату және монтаждау 4.03-01-2011 ж. ҚР құрылыс нормаларына сәйкес келмейді деген қорытынды берді.
Яғни, газ жабдықтарын орнату кезінде жауапты мамандар бірқатар қателіктер жіберген, ең бастысы тұтынушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген, ал бұл әрине адам өліміне әкелді.
Атқарылған нақты және тиянақты жұмыстардың нәтижесінде, өткен жылдың мамыр және сәуір айларында сот компаниялардың екі директорын қамауға алуға рұқсат берді.
Тергеу шамамен жеті айға созылды. Осы уақыт ішінде біз түрлі сараптамалар жүргізіп, дәлелдер жинадық. Нәтижесінде айыптау актісі бар іс сотқа жолданды.
Айтпақшы, алдағы уақытта біз азаматтардың қауіпсіздігін тиісті түрде қамтамасыз етпейтін газ желілерін орнату және монтаждау кезінде өрескел немқұрайдылыққа жол беретін жауапты адамдарды жауапкершілікке тартуға бекініп отырмыз. Себебі жылыту маусымы кезінде адамдар қайтыс болып жататыны ешкімге құпия емес, тіпті кейбір жағдайларда бүтін бір отбасын жалмап кетеді.»- деп түйіндеді тергеу басқармасының бастығы Н. Жалғасов.
 
2021 жылы желтоқсанда Түркістан қаласының соты өз үкімін шығарды: екі бірдей газ компаниясының директорларын 4 жылға бас бостандықтарынан айырды. Үкім заңды күшіне енгенімен, сотталғандар аппеляцияға беруге құқылы.
719 қаралым