Жарияланды: 19.01.2022

«Жағдайыңызды біліп кетейік»: Күлкіге қалған түркістандық тәртіп сақшыларына қатаң сөгіс берілді

Түркістан облысында тұрғынды беймезгіл мазалаған тәртіп сақшыларына қатаң сөгіс берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Бүгін әлеуметтік желіде қос полиция қызметкерінің тұрғынның үйіне беймезгіл барғаны туралы видео тарады. Онда тәртіп сақшылары өздерін талапқа сай ұстамағандығын көруге болады. Әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шыққан келіншек олардың үйіне не үшін келгенін сұрағанда «Ешқандай себеп жоқ, просто жағдайыңызды біліп кетейік дегенбіз ғой» деп жауап бергенін көруге болады.

 

«Үйде, үйде жоғыңызды тексеріп келдік, үйде екенсіз болды, басқа сұрағымыз жоқ» деген тәртіп сақшылары не үшін келгенін нақты түсіндіре алмайды. Сондай-ақ, бейберекет күліп, өздерін тәртіпке сай ұстамаған. Жалпы желіге шыққан бейне Түлкібас ауданында орын алған. Өздерінің талапқа сай ұстамаған тәртіп сақшыларына қатаң сөгіс берілді. «Бейнежазбадағы Түлкібас АПБ-нің екі қызметкеріне Қазақстан Республикасы Президентінің «ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» және ҚР ІІМ-нің «Полицей стандартын бекіту туралы» бұйрығының талаптарын өрескел бұзғаны үшін әрқайсысына жеке дара «қатаң сөгіс» тәртіптік шарасы қолданылды» — делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

 

 

 

1 863 қаралым