Жарияланды: 25.07.2018

Табысты тәтті бизнесі

Республикамыздағы ең ірі «Ақ жол» ЖШС-нің түрлі еншілес фирмалары өз жұмыстарын заманға сай қарқынды және табысты түрде жүргізуде. Солардың бірі – Түркістан облысындағы «Яссы нан» ЖШС-і. Түркістан, Кентау, Шәуілдір, Иқан, Атабай, Шорнақ, Шобанақ елді мекендерін түрлі нанмен, тортпен, тәтті нан-тоқаш өнімдерімен, шұжық өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған 3 цехта 10 инженерлік-техникалық жұмысшы, жалпы 120 адам жұмыс істейді. Дәмі тіл үйірер, түрі көз тартар тәтті нан өнімдері молынан шығарылады. Олардың атаулары да алуан түрлі, яғни дәмі мен иісі анық білінетін, сүт, ванилин татымды «Жемісті», «Киевстік», «Мак», «Шоколадты», «Бал қосылған», «Грильяж», «Дуэт», «Даниэла» тәттілері. «Поляк-германиялық технологиямен жабдықталған цехымызда қазіргі уақытта өз ісін меңгерген, «он саусағынан бал тамған» кондитер мамандар 12 сағат жұмыс ауысымымен еңбек етеді. Олардың әрқайсысының өз атқаратын жұмыстары бар, яғни қамыр дайындау процестерін бақылау, крем дайындау, тәттілердің арасына салма әзірлеу бәрі де шеберлердің қолынан шыққан.  Айлықтары – 60 мың теңге. Мұнымен қатар 500-600 адамға арналған той-жиындарға тапсырыс қабылдаймыз»,  дейді цех басшысы, технолог Атаева Насиба қызу жұмыс барысымен таныстырып жатып. Осыншама қызу қайнаған жұмыс барысында мекеме қайырымды іс жасауды да назардан тыс қалдырған емес, жағдайы төмен отбасыларға, медреселерге жиі қаржылай көмек көрсетіп, нан тарқатып отырады. 

Н. Иманқұлова

1 077 қаралым