Жарияланды: 23.01.2022

730 000 теңге: «Жасанды кірпіктерді арзан бағада әперемін» деп алдап кетті

Шымкент: Полицейлер “көзге арналған жасанды кірпіктерді арзан бағада әперемін” деп, танысын алдап соққан азаматшаны ұстады. Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, танысы құны 2500 теңге тұратын көзге арналған жасанды кірпіктерді 850 теңгеге көтерме бағамен бір тәулікте әперемін деп сеніміне кірген. Осылайша, 730 000 теңгесін иемденіп алған. Алайда, арада уақыт өте танысы не жасанды кірпіктерін, не ақшасын қайтармай ізін суытқан.

 
Әл-Фараби АПБ-ның тәжірбиелі полицейлерінен құрылған жедел-тергеу тобы тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен азаматшаны қолға түсіру мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Мұқият әрі зерделі тексеру жұмыстарының нәтижесінде, полицейлер азаматшаны 2 тәулік ішінде қала көшелерінің бірінен ұстап, басқармаға жеткізді. Белгілі болғандай, арызданушының танысы иемденген ақшаны өзінің бас пайдасы үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты ҚР ҚК 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
 
Өз кезегінде, шымкенттік тәртіп сақшылары қала тұрғындары мен қонақтарына алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін сақтық шараларын қатаң ұстануды сұрайды.
 
Егер, Сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» арнасына хабарласыңыз.
 
661 қаралым