Жарияланды: 25.07.2018

Несиеден басталған бизнес несібелі

Негізі, қажеттілік көбейген сайын оны жүзеге асыратын әрекеттердің де артатыны рас. Түркістан қаласы «Баракат мебель» жұмсақ дивандар шығару цехі осының дәлелі. Тек жұмсақ дивандар шығарумен айналысатын бұл цехта «Престиж», «Вентаж», «Альфа», «Комфорт» атты, жастықтарымен модульдік бұрыштық дивандар, жайылмалы, жиналмалы, әмбебап-құрастырмалы, 5 қалыпта қойылатын алуан түрлі заманға сай жиһаздар кездеседі. Тынымсыз тірлікке толы күн аяқталып, үйге келгенде тынығып алу үшін ең қажетті жайлы дүниені жаныңызға ұсынып отырған — жеке кәсіпкер Икрам Тажиметов. 
«Бұл істі туған ағайындылар қосылып ашып, жүргізіп келе жатқанына 5 жылдың көлемі болды. Алғаш 200 мың теңге несие алудан бастаған кәсібіміз біртіндеп ұлғайып, бүгінде өз тұтынушыларын жинап үлгерді. Қаламыздан өзге, Кентау, Жаңақорған, Қызылорда, Жезқазған, Ақтау қалаларынан тапсырыстар түсуде. Мұнда 10-15 адам тұрақты жұмыс істейді» дейді кәсіп иесі. 
Жиһаз жасау орынжайымен, қоймасымен, қажетті аппараттармен жабдықталған цехта қонақ бөлмеге, жатын бөлмеге, балалар бөлмесіне, сондай-ақ кеңсеге арналған дивандар жасалады. Бір диван секілді көрініп, алайда арнайы ұстайтын баудан тартқанда алдыңызға үстел боп жайылатын түрлері қызықты. Орынды аз алу мақсатында дайындалған бұл бұйым әсіресе мөлтекаудан тұрғындарына өте қолайлы.  «Шикізаттарды Шымкент, Түркістан қалаларынан алдырамыз. Олар өзге жақтан келетіндердің ешқайсысынан да кем емес», — дейді диван өндірушілер. Отбасылық бизнес болғандықтан, диванның сыртындағы маталарын осындағы білікті де шебер жеңгелеріміз өздері пішіп, тігеді, бағалары да қолжетімді. 
Н.Иманқұлова

1 393 қаралым