Биыл мыңнан астам директор ротацияланады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.
«Биыл директорлардың ротациясы басталады. Алдыңғы жылды заңнаманы қабылдап, бекіттік. Енді биыл нақты мыңнан астам директор ротацияға ілінеді», – деді министр.
Ротацияның ережелері:
Біріншіден, бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ротацияланады.
Бұл ретте, осы білім беру ұйымында лауазымға тағайындалған күннен бастап 4 жыл жұмыс атқарған бірінші басшы ротациядан өтініші негізінде босатылып, тиісінше қолданыстағы еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады.
Алайда егер басшы аталған ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Осылайша, бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс.
Екіншіден, ротациялаудың төмендегідей шарттары бар:
– ротациялауды облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың Білім басқармалары жүзеге асырады;
– ротация бір елді мекен аумағында жүргізіледі;
– ротациялауды бір деңгейдегі ұйым басшылары арасында жүргізеді.
– ротациялау кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты, яғни аталған санат үшін төленетін қосымша ақы да мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.