Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты ауылдарда «бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасын жүзеге асырған диқандар көбейіп келеді. Қарнақ ауылының әкімі М.Диметовтың айтуынша, ауыл диқандарының өнімдері Кентау қаласы ғана емес, басқа да өңірлерге де шығарылып жатыр.
Қарнақ ауылы аумағында жалпы жер көлемі – 41277 га, оның ішінде 2500 га суармалы, 3991 га тыңайған, 576 га шабындық, 34560 га жайылым бар. Олар бүгінгі күнде 305 агроқұрылымның пайдалануына берілген. Оның ішінде 4 өндірістік кооператив, 4 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 5 ЖШС, 292 шаруа қожалығы жұмыс істейді. 2020 жылы көпжылдық екпелерді қоса 2550 га жерді игеру жоспарланып, 2582 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған.
– Бүгінгі таңда ауыл шаруалары тарапынан 880 га жер жыртылып, 250 га күздік бидай егілді. Үкімет тарапынан көктемгі және күзгі дала жұмыстарына бөлінген арзандатылған бағада 57 тонна жанар-жағар май таратылды, – дейді ауыл әкімі.
Ауылда «Абдугаппаров А» және «Мусабек» шаруа қожалықтары тарапынан шағын құс фермалары салынып, құрал-жабдықтар әкелінген. Жақында іске кіріспек.
2021 жылы Қарнақ ауылы бойынша жаңадан 14 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Ауылда 1,5 га жылыжай салынып, бүгінгі таңда олардың жалпы аумағы 6,3 гектарды құрап отыр. Одан бөлек, «Абдашим» шаруа қожалығы тарапынан қосымша 3 га фермерлік жылыжай құрылысы жүргізілуде.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, «бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасын жүзеге асыруға ниетті азаматтар саны да артқан. Бұл тәсіл өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Өткен жылы 20 жоба бекітіліп, барлығы іске асырылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі