Жарияланды: 26.07.2018

Мал бордақылайтын алаңдар ашылмақ

Бүгінде Түркістан облысы Түлкібас ауданында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Жайылымы мол, мал ұстауға қолайлы аймақ. Тау бөктерлей орналасқан ауыл халқының барлығы дерлік қорасынан төрт түлігін үзбеген. Түлкібас ауданында алдағы уақытта 3000 бас ірі қара мал бордақылайтың алаңдар іске қосылмақ. Түлкібас ауданына қарасты Шұқырбұлақ елді мекенінде «Адал» шаруа қожалығы 3000 бас ірі қара малды бордақылауға арналған алаңдарды ашуды жоспарлап отыр. Жоспарлы жұмыс жүзеге асса бірнеше тиімді тұстары бар. Мал шаруашылығын дамытуға септесуден бөлек, ауыл халқының әлеуметтік әлеуетін арттыруға да қосар сүбелі үлесі мол. Жалпы қораларды соғу екі кезеңге бөлініп іске аспақ. Атап айтсақ, 1500 басқа арналған алаңдар биыл іске қосылса, 2019 жылы қосымша 1500 басқа арналған алаңдардың құрылысы жоспарланып отыр. Нәтижесінде жылына шамамен 1200 тонна ірі қара мал еті өңдірілмек. Жобаның жалпы құны 900 миллион теңге. Аталмыш жоба толығымен іске қосылған жағдайда жаңадан 25-30 адамға жұмыс орны ашылса, ауданның бидай, арпа, шөп тағы басқа мал шаруашылығына қажетті егін түрлерін егетін дихандарымыздың өнімдеріне сұраныстың артатыны айтпаса да белгілі.

1 195 қаралым